Цифрлық кампус құру жоспары келісілдіFarabi University

Цифрлық кампус құру жоспары келісілді

21 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қытайдың Danacoid компаниясының  жетекшісі Юань мырза және қытайлық продюсер, медиа саласының өкілі Хоу Ли бастаған делегациямен кездесу өткізді. 

Danacoid компаниясы сахнаға, сауда орталықтарына, ғимараттардың ішкі және сыртқы қасбетіне арналған LED-экрандарды шығарумен айналысады. Юань мырза компанияның негізгі қызметі туралы мәлімет беріп, шығарылған өнімдерді таныстырды.

«Біздің компания түрлі халықаралық іс-шараларға арнайы LED-экрандарды дайындап, орнатып келеді. Біз кез келген формада LED-экрандарды әзірлей аламыз. Компаниямыз толық автоматтандырылған. Бұл бізге өнім сапасын жоғары деңгейде ұстап, өндіріс процесін жылдам әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз тапсырыс берушінің талаптарына сай жеке дизайндағы шешімдер де ұсына аламыз», – деді компания басшысы.

Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры университет компаниямен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді. Университет басшысы компаниямен бірлесіп ҚазҰУ қалашығын толық цифрландыру бойынша ортақ жұмыс атқаруды ұсынды. Аталған ұсыныс оқу корпустарын, аудиторияларды және ғылыми орталықтарды заманауи LED-экрандармен және мультимедиялық жүйелермен жабдықтауға, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіруге жол ашады.

Келіссөз нәтижесінде тараптар айтылған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, ортақ жұмыс тобын құруға уағдаласты.

Кездесуден соң делегация мүшелері ҚазҰУ базасындағы ғылыми зертханалар мен орталықтарды аралап, оқу ордасының инфрақұрылымымен танысты. 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі