Инженерлік білім берудің жаңа мүмкіндіктері қаралды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Қытай технологиялық университетіндегі азаматтық құрылыс және көлік мектебінің деканы, белгілі ғалым Юй Цзянмяоны қабылдады.
Кездесу барысында тараптар инженерлік білім беру сапасын арттыру, азаматтық құрылыс, көлік инфрақұрылымы және заманауи технологиялар бағыттарында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін талқылады.

Юй Цзянмяо бүгінге дейін жүргізген ғылыми ізденістері туралы айтып, болашақтағы жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар өз сөзінде ҚазҰУ ғалымдарымен бірлескен халықаралық жобаларды іске асыруға қызығушылық танытып, өзара тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев университет базасындағы ғылыми орталықтар мен заманауи зертханалардың қызметі мен мүмкіндіктері туралы баяндап, халықаралық әріптестік аясында бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ҚазҰУ-дың әлеуеті толық жеткілікті екенін алға тартты. Сондай-ақ ректор мұндай ынтымақтастық оқу ордасының ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға және жаһандық академиялық кеңістікке интеграциялануына ықпал ететінін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар