ҚазҰУ-да XVIII «Оразбаев оқулары» өтіп жатырFarabi University

ҚазҰУ-да XVIII «Оразбаев оқулары» өтіп жатыр

22 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тарих факультетінің ұйымдастыруымен XVIII «Оразбаев оқулары – 2026» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы басталды.

Ғылыми жиынға АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Франция және басқа да елдерден 100-ден астам жетекші ғалымдар, зерттеушілер және жас мамандар қатысуда.

Конференция ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов университет ректорының құттықтау хатын оқып берді.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі ретінде ғылым мен білімді интеграциялауға бағытталған заманауи стратегияны жүзеге асырып келеді. Университеттің негізгі даму басымдықтары – халықаралық ғылыми кеңістікке ықпалдасу, жоғары сапалы зерттеулерді дамыту, сондай-ақ инновациялық білім беру моделін қалыптастыру. Университет базасында құрылған ғылыми орталықтар мен зертханалар, соның ішінде археология және антропология, археозоология және цифрлық археология бағыттары қазіргі ғылым талаптарына сай зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беріп отыр», – делінген хатта.

Сондай-ақ конференция барысында қатысушылар XVIII-XIX ғасырлардағы Орталық Азия тарихының өзекті мәселелерін, тарихи деректерді цифрландыру, деректану мен тарихнаманың жаңа әдістерін, сондай-ақ ұлттық тарихты оқытудағы инновациялық тәсілдерді талқылауда.

Пленарлық және секциялық отырыстарда отандық және шетелдік ғалымдар баяндама жасап, өз зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісуде. Атап айтқанда жартас суреттерін зерттеу, орта ғасыр археологиясы, тас дәуірі, палеометалл дәуірі археологиясы және этнология мәселелері кеңінен қарастырылады.

 

 

Шара барысында археологиядағы заманауи әдістерге арналған дөңгелек үстелдер мен шеберлік сабақтары өтеді. Бағдарламада палеоботаника, ежелгі ДНҚ зерттеулері және археологиялық материалдарды 3D-сканерлеу технологиялары қамтылған.

26 сәуірге дейін жалғасатын конференция аясында «Дала желімен жеткен мәңгілік мұра: Әбдіманап Оразбаевтың ғылыми жолы» атты көрме және барша қатысушыларға арналған Таңбалы археологиялық ескерткішіне ғылыми-танымдық экскурсия жоспарланған.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі