Еңбек ортасын жақсарту жолдары қарастырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай, «Қызметкерлердің әл-ауқаты мен ұйым тиімділігінің негізі – қолайлы психоәлеуметтік еңбек ортасы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған жетекші ғалымдар, салалық сарапшылар және студенттер қатысты.
Шараны география және табиғатты пайдалану факультетінің ЮНЕСКО тұрақты даму жөніндегі кафедрасы мен «Қоршаған ортаны қорғау және тіршілік қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранттары бірлесіп ұйымдастырды.

Кездесудің басты мақсаты – қазіргі еңбек жағдайында психоәлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін қарастыру және қызметкерлердің менталдық әл-ауқатын арттыру жолдарын айқындау.
Шараны ашқан ЮНЕСКО кафедрасының педагогикалық тәжірибе жетекшісі Айгүл Қожахан психоәлеуметтік факторлардың еңбек қауіпсіздігі жүйесіндегі рөліне тоқталып, қызметкерлердің психологиялық жай-күйі ұйымның тұрақтылығы мен тиімділігіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі еңбек мәдениетінде адам капиталының әл-ауқаты стратегиялық басымдыққа айналып отыр.

Бағдарлама аясында өндірістік орта мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Қарақалпақ мемлекеттік университетінің профессоры Қараматдин Жақсымұратов еңбек қауіпсіздігі саласындағы өзекті ғылыми мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ шетелдік әріптестердің онлайн баяндамалары тыңдалды.

Практикалық бөлімде Eurasian Resources Group, «KazPromEducation» және «Sensata Almaty» компанияларының өкілдері өндірістік қауіпсіздік пен еңбек жағдайын жақсарту бойынша нақты тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, еңбек құқықтарын қорғау және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мәселелерін жан-жақты талқылады.

Сондай-ақ басқосудың интерактивті бөлігі викториналар мен командалық жаттығулар түрінде өтіп, ұжымдық өзара әрекеттесу мен қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға бағытталды. Конференция қорытындысы бойынша еңбек қауіпсіздігі саласындағы халықаралық стандарттарды білім беру үдерісіне және өндірістік тәжірибеге енгізуге бағытталған ұсыныстар қабылданды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар