- Басты бет
- AL-FARABI NEWS LETTERS
- Химиялық пестицидтерге балама: ҚазҰУ өсімдіктерді табиғи жолмен қорғайтын биопрепарат жасауда
Химиялық пестицидтерге балама: ҚазҰУ өсімдіктерді табиғи жолмен қорғайтын биопрепарат жасауда
Әлемнің көптеген елдеріндегі сияқты, Қазақстанда да ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестер мен аурулардан сенімді қорғау және сонымен бір мезгілде қоршаған ортаны техногенді ластанудан сақтау мәселесі өзекті болып отыр. «Қазақстан Республикасының 2021-2030 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенін дамыту тұжырымдамасында» көрсетілгендей, органикалық егіншіліктің әлемдік озық тәжірибеден артта қалуы өсімдік шаруашылығының басты проблемаларының бірі болып саналады. Қазақстанда өсімдік шаруашылығы ауыл шаруашылығы өнімінің 54%-ын құрайды, ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша жалпы өнім шығарылымы шамамен 5,8 трлн теңгені құрады.
Жобаның мақсаты - микробтық антагонисттер мен олардың метаболиттерін қолдануға негізделген, агроценоздарды сауықтыруға, пестицидтік жүктемені азайтуға және экологиялық таза өсімдік шаруашылығы өнімін алуға бағытталған биологиялық қорғаудың инновациялық технологиясын әзірлеу. Жобаның бірегейлігі - превентивті және терапевтикалық әсер беретін екі түрлі қорғаныш биопрепаратын жасауда. Дайын биопрепараттарды қолданудың үш тәсілі - тұқымды себу алдында қаптау, өсу кезеңдерінің әртүрлі фазаларында өсімдіктерді бүрку және түбір астына қосымша ретінде топыраққа енгізу - олардың жоғары тиімділігін қамтамасыз етеді.
Зерттеу үш негізгі бағытты қамтиды: антагонист штамдардың өсу жағдайларын оңтайландыру және антифунгальды метаболиттерді бөліп алу әдістерін таңдау; антифунгальды белсенділікке ие микробтық метаболиттерді анықтау және сипаттау; антифунгальды қасиеті бар микробтық препараттардың эксперименттік үлгілерін алу және апробациялау. Жоба авторларының Talaromyces pinophilus T14, Beauveria bassiana Т7 мен Т15, Jantinobacterium sp. Blue 1 және Lysinibacillus sp. S1 микроорганизм-антагонисттер коллекциясы бар, сондай-ақ ауыр металдарға төзімді Beauveria bassiana T7 микромицет штаммына № 34305 өнертабысқа патент алынған.
Зерттеуде шейкер-инкубаторда культивирлеу, "құдықтар" мен "агар блоктары" әдісімен антифунгальды белсенділікті анықтау, Agilent 6410 хроматографымен масс-спектрометриялық талдау, CAS-ортасында сидерофорларды сапалық анықтау, сондай-ақ STATISTICA 10 бағдарламасында статистикалық өңдеу қолданылады. Тест-дақыл ретінде Fusarium graminearum, Fusarium culmorum, Fusarium sporotrichioides және Alternaria alternata фитопатогенді саңырауқұлақ штамдары пайдаланылады, ал модельдік өсімдік ретінде арпа алынады.
Жоба нәтижесінде Web of Science немесе Scopus базасында индекстелетін журналдарда кемінде 3 мақала, кемінде 1 өнертабысқа патент және ҚР БҒСБК ұсынған журналдарда кемінде 2 мақала жарияланады. Тиімді антагонист штамдар "Республикалық микроорганизмдер коллекциясы" ЖШС-де депондалады. Әзірленген биопрепараттар минералды тыңайтқыш дозаларын 20-90%-ға дейін төмендетуге және өсімдіктердің инфекциямен зақымдалуын 2-7 есе азайтуға мүмкіндік береді, бұл отандық нарықта аналогтары жоқ ресурс үнемдейтін технология ретінде жоғары коммерцияландыру әлеуетіне ие.
36 айға (2025-2027 жж.) есептелген бұл жоба БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 2-сі - аштықты жою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жәрдемдесу мақсатына сай келеді, Қазақстанның экспортқа бағдарланған өндірісін ынталандырып, агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.