- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ оқытушысы Асылхан Әбдірайым ТҮРКСОЙ фотосуретшілері қауымдастығын басқарады
ҚазҰУ оқытушысы Асылхан Әбдірайым ТҮРКСОЙ фотосуретшілері қауымдастығын басқарады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы, танымал фототілші Асылхан Әбдірайым Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы – ТҮРКСОЙ жанындағы Түркі әлемі фотосуретшілері қауымдастығының төрағасы болып сайланды.
Бұл халықаралық қауымдастық түркітілдес мемлекеттердің фотожурналистері арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайту, ортақ тарихи-мәдени мұраны фотоөнер тілі арқылы әлемге насихаттау мақсатында құрылған. Түркі әлемінің фотографтарын біріктіретін ұйым халықаралық фотокөрмелер дайындаумен, бірлескен этно-зерттеу жобаларын жүзеге асырумен, фотоальбомдар шығарумен және жас мамандарға арналған шеберлік сабақтарын ұйымдастырумен айналысады.
Асылхан Әбдірайымның бұл салада 30 жылдан астам мол тәжірибесі бар. Ол жылдар бойы «Атамекен», «Заң газеті», «Жас Алаш» секілді республикалық басылымдарда, сондай-ақ «Қазақстан әйелдері», «Парасат» журналдары мен «Жеті жарғы» баспасында жемісті еңбек етті. Сала шебері – Қазақстан журналистер одағы мен «Алтын жұлдыз» сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
2010 жылдан бері «Фотоөнер» Қазақстан фототілшілерінің қоғамдық бірлестігін басқарып, отандық фотоөнердің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Сонымен қатар ол жас мамандарды кәсіби даярлауға арналған «Фотожурналистика» оқу құралы мен «Қазақ баспасөзінің фотошежірелері» фотоальбомының авторы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар