Көркем шындық пен тарихи ізденісті тоғыстырған іргелі зерттеу
Қазақ әдебиетінде тарихи шығармалар көп болғанымен, халық жадындағы ұмытылған жараны дәл Бақтылы Боранбаевадай нәзік, сезімтал, дәлелді һәм көркем тілмен жеткізген еңбектер сирек. «Капустин Яр әскери полигоны: қазақ депортациясы» кітабы – тек ғылыми зерттеу емес, көркем шындық пен тарихи ізденістің тоғысқан жаңа әдеби формасы. Бұл шығарма – қазақ тарихында бұрын зерттелмеген ішкі депортация фактісін алғаш жүйелі зерттеген еңбектің бірі.
Кітап Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, АҚШ пен КСРО «қырғи қабақ шайқасқа» дайындалып жатқандығын, соның әсерінен тұңғыш мектеп, тұңғыш баспа бастау алған Бөкей ордасы әскери полигонға айналып, «жойылған аудан» феноменін қалыптастырған тарихи фактілерден басталады. Капустин Яр полигонында Хиросимадағы атом бомбасынан 65 есе күшті 11 әуе жарылысы болған екен. Еңбектің жазылуына сол сынақ алаңында 12 жасында қиындық куәсі болған Бақтылы Боранбаеваның әкесі, оның «Елім-айлаған» сағыныш зары себеп болған.
Автор оқырманды тек архивке ғана емес, адам тағдырына, ішкі әлемге, туған жермен қоштасқан қазақтың мұңды жанайқайына жетелейді. Сол себепті кітаптың ғылыми сипаты басым болса да, оның ішкі құрылымы, баяндау мәнері, тілдік өрнегі нағыз әдеби шығарманың көркемдік қуатына ие. Депортация құрбандарының әңгімелері келтірілген жерлерде автор қосымша түсіндіруді азайтып, сөзді тарихтың өзіне береді. Бұл тәсіл оқырманға оқиғаның куәгері болып отырғандай әсер қалдырады. Автордың тілі бір мезгілде әрі ғылыми, әрі көркем. Тарихи деректер нақты, дәл, айқын берілсе, куәгерлердің әңгімелері арқылы мәтіннің эмоциялық қуаты артады.
Кітаптың әдеби құндылығы өмірден алынған детальдарда жатыр: пойызға тиелген балалардың жылаған дауысы; жолда өлген адамдардың бір-бірінің үстіне үйіліп қалуы; аптап ыстықта шөлден, аурудан мерт болған жерлестер. Мәселен, «Жетпіс жасқа жақындап қалған атам сол бес жүз шақырым жерден көшіп келгенше «Құдайым, маған өзге жердің топырағын бастырмашы!..» деп жылап келген еді. Сол тілегі орындалды ма, үлкен әскери машинадан түсіп жатқан кезде атам құлап, аяғын сындырып алды да, бір айдан кейін қайтыс болды», – деген сынды естеліктер оқырманға шынайы картинаны көзсіз көруге мүмкіндік береді. Жазушы архивтерді ақтара отырып, Капустин Ярды Семей, Байқоңыр полигондарымен салыстыра қым-қуыт астарларын қопара көрсетеді.
Қорытындылай келе, Бақтылы Боранбаеваның «Капустин Яр әскери полигоны: қазақ депортациясы» кітабы – тарихи шындықты қалпына келтіруге бағытталған, дерекке бай, әдістемесі жетілген, ғылыми жаңалығы айқын, ұлттық маңызы зор іргелі зерттеу.
Бинұр ЖҰМАҒАЛИЕВА,
«Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығының 3-курс студенті
Басқа жаңалықтар