ҚазҰУ-да ұлттық құндылықтарға негізделген курс ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты мен Педагогикалық шеберлік академиясы бірлесіп, орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне арналған «Ұлттық құндылық – сапалы білім негізі» атты біліктілікті арттыру бағдарламасын іске қосты.
Жоба аясында екі тарап өзара ынтымақтастық туралы ресми меморандумға қол қойып, ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікке жол ашты. Бастаманың басты мақсаты – отандық білім сапасын көтерумен қатар, өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық, адамгершілік және рухани-этикалық қасиеттерді жүйелі түрде сіңіру.

Курс аясында ҚазҰУ-дың жетекші профессор-оқытушылары мен танымал сарапшылары авторлық семинарлар мен дәрістер өткізді. Ғалымдар мектеп мұғалімдері мен жас мамандарға ұлттық мектеп концепциясы мен ұлттық құндылықтар сабақтастығы төңірегінде мазмұнды бағдар берді. Сонымен бірге сабақтарда оқушылардың сыни ойлауы мен белсенділігін дамытатын интерактивті оқыту әдістері және білім беру үдерісіндегі заманауи цифрлық пен суперкомпьютерлік технологиялардың рөлі кеңінен қарастырылды.

Іс-шара барысында Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтының директоры Саракүл Нәлібаева сөз сөйлеп, жобаның маңыздылығына тоқталды. Ол педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттырудағы серіктестіктің маңызын атап өтіп, алдағы уақытта бірлескен пәндік олимпиадалар мен ғылыми-әдістемелік жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.

Тәжірибеге бағытталған білім беру курсын сәтті аяқтаған педагогтерге белгіленген үлгідегі ресми сертификаттар табысталады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар