Қытайлық серіктестер Қазақстан дамуы мен ҚазҰУ әлеуетін жоғары бағалады — ҚазҰУ

Қытайлық серіктестер Қазақстан дамуы мен ҚазҰУ әлеуетін жоғары бағалады

10 қыркүйек 2026
Қытайлық серіктестер Қазақстан дамуы мен ҚазҰУ әлеуетін жоғары бағалады

Қытай делегациясы Қазақстанның даму деңгейі мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-білім беру әлеуетін жоғары бағалады. 

Білім және ғылым, кадр даярлау мен академиялық алмасу бойынша ынтымақтастықтың жаңа бағыты ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың Қытай Коммунистік партиясы университеттік партия комитетінің хатшысы, Кеңес төрағасы Сян Чанлэ бастаған Далянь технологиялық университетінің делегациясымен кездесуінде талқыланды.

«Біз Қазақстанның қарқынды дамып жатқанын және Орталық Азия өңірінде көш бастап тұрғанын көріп отырмыз», – деді Сян Чанлэ.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың ғылым және білім саласындағы өзара ынтымақтастықты кеңейтуге зор мүмкіндігі бар. Сонымен қатар ҚазҰУ бастамаларын қолдауға және жаңа жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін білдірді. 

Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев қосдипломды білім беру бағдарламалары бойынша әріптестікті дамытуды ұсынды.

«Біздің мақсатымыз – екі елдің дамуына қажетті, сұранысқа ие жоғары білікті мамандар даярлау. Бірлескен жұмыс жаңа бағыттарды дамытуға және ынтымақтастығымызды нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді университет басшысы.

Келіссөз қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Далянь технологиялық университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат бірлескен білім беру бағдарламаларын, ғылыми зерттеулер мен академиялық алмасуды одан әрі дамытуға бағытталған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі