ҚазҰУ-да NURER 2026 халықаралық конференциясы өтті — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да NURER 2026 халықаралық конференциясы өтті

10 қыркүйек 2026
ҚазҰУ-да NURER 2026 халықаралық конференциясы өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ядролық және жаңартылатын энергия көздеріне арналған VIII халықаралық NURER 2026 конференциясы өтті. Оған Қазақстан, Түркия, Қытай, Австралия, Иран, Польша, Ресей және басқа да елдердің ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

Жиын барысында атом және жаңартылатын энергетиканың даму перспективалары, сутегі технологиялары, заманауи материалдар, цифрлық шешімдер және жасанды интеллект мүмкіндіктері талқыланды. Конференцияны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырды. 

Форумның ашылуында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов құттықтау сөз сөйледі. Ол энергетика саласының бүгінде атом және жаңартылатын технологиялар, сутегі энергетикасы, энергия сақтау жүйелері, цифрлық құралдар мен жасанды интеллект тоғысында дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтып, тәжірибе алмасудың және бірлескен зерттеулерді дамытудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, NURER ғалымдар мен сарапшылардың пікір алысуына, жаңа ғылыми идеялар мен энергетика саласындағы заманауи шешімдерді талқылауына мүмкіндік берді.   

Конференцияда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Медеу Әбішев, ҚазҰУ механика-математика факультетінің деканы Мәдина Мансұрова, NURER 2026 конференциясының тең төрайымы, ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен, сондай-ақ NURER 2026 конференциясының бас төрағасы, Gazi University (Түркия) профессоры Hacı Mehmet Şahin және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар баяндама жасады.

Ғылыми жиында материалдардың радиациялық физикасы, нейтрондық тасымал, термоядролық технологиялар, күн энергетикасы, цифрлық егіздер және энергетикалық жүйелерді интеллектуалды басқару мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар перспективалы ядролық реакторлар, жылу алмасу технологиялары, физикалық үдерістерді модельдеу, сутегі энергетикасы және жаңартылатын энергия көздерін энергетикалық жүйелерге біріктіру бағытындағы зерттеулер ұсынылды. Халықаралық конференция гибридті форматта өтіп, әр елден келген зерттеушілердің тәжірибе алмасуына, жаңа ғылыми байланыстар орнатуына және энергетиканың өзекті мәселелерін бірлесіп талқылауына жол ашты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі