ҚазҰУ мен JIDA әріптестіктің жаңа кезеңіне қадам басты — ҚазҰУ

ҚазҰУ мен JIDA әріптестіктің жаңа кезеңіне қадам басты

15 қыркүйек 2026
ҚазҰУ мен JIDA әріптестіктің жаңа кезеңіне қадам басты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева мен Жапонияның халықаралық ынтымақтастық және даму қауымдастығының (JIDA) президенті Гүлзат Жарқын бастаған делегация арасында маңызды кездесу өтті. Басқосудың басты мақсаты – білім, ғылым, академиялық ұтқырлық және жоғары білікті мамандар даярлау бағыттарындағы Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестікті сапалық жаңа деңгейге көтеру.

ҚазҰУ – халықаралық деңгейде мойындалған ірі зерттеу университеті. Университет құрамында 16 факультет, 9 ғылыми-зерттеу институты, 38 ғылыми орталық пен 155 заманауи зертхана жемісті жұмыс істеуде. Оқу орнының жоғары бәсекеге қабілеттілігі беделді QS World University рейтингіндегі 177-орынмен дәлелденіп, әлемнің үздік 200 университетінің қатарындағы орнын берік айқындады.

Бүгінде оқу ордасы Жапонияның Киото, Васэда, Цукуба, Хоккайдо секілді тоғыз жоғары оқу орнымен, сондай-ақ Нара ұлттық мәдени мұра ғылыми-зерттеу институты, Жапонияның атом энергиясы агенттігі және Mitsubishi, Chiyoda Technol тәрізді алып компанияларды қосқанда, жалпы 20 жетекші ұйыммен тығыз байланыс орнатқан. Бұл бағытта ҚазҰУ-дың жапонтану бөлімі шешуші рөл атқарып, академиялық әрі мәдени жобаларды, бірлескен ғылыми зерттеулер мен студенттік алмасу бағдарламаларын табысты жүзеге асырып келеді.

Екі ел арасындағы серіктестіктің айқын дәлелі – қарқынды академиялық ұтқырлық. Алдыңғы оқу жылында ҚазҰУ-дың 36 студенті Жапония жоғары оқу орындарында білім алып, қысқы мектептерге қатысса, бес оқытушы халықаралық ғылыми-білім беру шараларында тәжірибе алмасты. Өз кезегінде қара шаңырақ ҚазҰУ да жапондық студенттер мен ғалымдарды қабылдап, өзара ықпалдастықты тереңдете түсті.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚазҰУ мен JIDA тараптары қолданыстағы академиялық байланыстарды нақты өндірістік және ғылыми жобаларға айналдыруға дайын екендіктерін білдірді. Жапондық бизнес өкілдері және салалық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейту студенттер мен жас зерттеушілерге халықаралық тәжірибе жинақтап, теориялық білімді нақты секторда қолдануға кең жол ашады. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі