ҚазҰУ ғалымдары мұнай өндіруді оңтайландыруда кванттық компьютерді қолдануда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары мұнайды өндіруде кванттық компьютер көмегімен модельдеу жұмысын жүргізуде.
Қазіргі таңда мұнай өндіруде түрлі технологиялар қолданылады. Соның ішінде мұнай қабатына су айдау және қысыммен әсер ету әдістері кеңінен таралған. Алайда мұндай үдерістерді дәл әрі дұрыс модельдеу маңызды. Себебі есептеулердегі қателіктер өндіріс тиімділігінің төмендеуіне, сондай-ақ өндірілетін мұнай құрамындағы су үлесінің артуына әкелуі мүмкін. Мұнай құрамындағы су мөлшерінің шамадан тыс көбеюі өнімнің физика-химиялық қасиеттеріне кері әсер етіп, оны тасымалдау мен өңдеу үдерістерін күрделендіреді.

Ал қысыммен мұнайды өндіру адам өміріне немесе қоршаған ортаға зиян алып келуі ықтимал.
Осы орайда, ҚазҰУ ғалымдары кванттық есептеу мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мұнай өндіру үдерісін модельдеу мен оңтайландырудың жаңа тәсілдерін зерттеуде. Кванттық алгоритмдерді қолдану күрделі есептеулерді жеделдетіп, өндіріс параметрлерін тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.

«Бұл міндеттерді шешуде қазіргі таңда физикалық ақпараттандырылған нейрондық желілер қолданылады. Дегенмен біз бұдан да ілгері басып, кванттық PINN моделін әзірледік. Кванттық есептеулер бұл жай ғылыми құрал емес, ғылым мен технологияны дамытудағы жаңа белес. Кванттық алгоритмдерді біріктіру арқылы біз модельді тиімді оңтайландырып, жоғары параметриялық тиімділікке қол жеткіздік. Болашақта кванттық есептеулер бойынша жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отырмыз», – дейді ҚазҰУ-дың доцент м.а. Ақсұлтан Мұханбет.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар