Жастардың құқықтық мәдениеті мен қауіпсіздігі талқыланды — ҚазҰУ

Жастардың құқықтық мәдениеті мен қауіпсіздігі талқыланды

16 қыркүйек 2026
Жастардың құқықтық мәдениеті мен қауіпсіздігі талқыланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасымен бірлесе отырып, «Заң мен тәртіп» тақырыбында түсіндіру шарасы өтті. Кездесуге Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев, оның орынбасары Айтан Елеусізов және Жастар саясаты басқармасының өкілдері қатысты.

Басқосудың басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, студенттер үйлері мен университет аумағында қауіпсіз орта қалыптастыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтың, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу. 

Мамандар студенттерге қоғамдық орындардағы тәртіп ережелерін, жеке бас қауіпсіздігін және заң бұзған жағдайда жүктелетін жауапкершілікті жан-жақты түсіндіріп, айналаға құрметпен қараудың маңызын атап өтті. Жиын соңында білім алушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өз құқықтары мен міндеттері және күнделікті өмірдегі қауіпсіз мінез-құлық бойынша тұшымды жауаптар алды.

    Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі