- Басты бет
- Жастар ұйымдары
- ҚазҰУ-да Қазақстан халқының тілдері күніне арналған мәдени-танымдық іс-шара өтті
ҚазҰУ-да Қазақстан халқының тілдері күніне арналған мәдени-танымдық іс-шара өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Тіл. Өнер. Бірлік: Ұлт рухының үні» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін дәріптеу, тіл арқылы ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды насихаттау, Қазақстандағы тілдік әралуандыққа құрмет қалыптастыру, сондай-ақ жастар арасында өзара түсіністік, достық пен бірлік құндылықтарын нығайту.
Мерекелік бағдарлама «Мәңгілік ел» сағаты маңында ұйымдастырылып, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілді. Үштілді формат Қазақстан халқының тілдері күнінің басты идеяларын – әр тіл мен мәдениетке құрметпен қарау, мәдени диалогты дамыту және қоғамдық келісімді нығайтуды айқындай түсті.
Іс-шара студенттік «Farab» ансамблінің «Халықтар достастығы» биімен ашылды. Өнер ұжымы би тілі арқылы түрлі мәдениеттердің сабақтастығы мен өзара достығын көрермен назарына ұсынды.
Мерекелік бағдарлама барысында университеттің «Фараби сазы» оркестрі қазақ халқының дәстүрлі күй өнерінің таңдаулы туындыларын орындады. Оркестр орындауындағы «Ер Nұран» және «Балбырауын» күйлері ұлттық музыкалық мұраның мазмұны мен көркемдік ерекшелігін танытып, дәстүрлі өнердің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын айқындады.
Іс-шараның поэзиялық бөлімінде студенттер қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі көркем шығармалардан үзінділер оқып, тілдің адамзаттың рухани әлемін танытудағы рөлін көрсетті. Сонымен қатар жастардың орындауында «Тілдер толғауы» атты авторлық жыр ұсынылып, тіл, ұлттық сана және ел бірлігі тақырыптары өзара сабақтастырылды.
Мерекелік бағдарлама Арт орталық вокалистерінің орындауындағы «Сәлем саған, туған ел» және «Қазақстаным» әндерімен жалғасты. Әндер арқылы туған елге деген сүйіспеншілік, Отанға құрмет және ортақ құндылықтар идеясы көрініс тапты.
Қазақстан халқының тілдері күні – еліміздегі тілдік және мәдени әралуандықты дәріптеп, түрлі этнос өкілдерінің тілдері мен мәдениеттеріне құрметті арттыруға, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды мереке. Осыған орай ҚазҰУ-да өткен іс-шарада тіл мен өнердің адамзаттарды жақындастыратын, мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті арттыратын рухани құндылық ретіндегі маңызы кеңінен көрініс тапты.
«Тіл. Өнер. Бірлік: Ұлт рухының үні»мәдени-танымдық іс-шарасы университет жастарының шығармашылық әлеуетін танытып, ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге және білім алушылар арасында мәдени диалог пен өзара құрмет құндылықтарын нығайтуға бағытталған мазмұнды бағдарлама ретінде өтті.
Іс-шара соңында қатысушыларға бейбітшілік, татулық, өзара құрмет пен береке тілектері білдіріліп, «Тіліміз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болсын!» деген ізгі ниетпен қорытындыланды.







