Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғам негізі — ҚазҰУ

Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғам негізі

17 қыркүйек 2026
Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғам негізі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның негізі» тақырыбында студенттермен кездесу өтті. 

Іс-шара Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығымен бірлесе ұйымдастырылды. Ашық форматта өткен жиында студенттер құқық қорғау органдарының өкілдері және құқық саласының мамандарымен тікелей пікір алысты.

Шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Қатысушылар құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң алдындағы жауапкершілік, жеке және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.       

Алматы қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Дәурен Көбеев есірткі қылмыстарымен күрес және олардың алдын алу бағытындағы практикалық жұмыстар туралы әңгімелеп берді. Ол жастарды күмәнді ұсыныстар мен арандатушылық сипаттағы әрекеттерге сақтықпен қарауға шақырып, заңға қайшы әрекеттердің салдары ауыр болуы мүмкін екенін түсіндірді. Сондай-ақ кез келген шешім қабылдамас бұрын, оның құқықтық негізін бағалай білу қажеттігін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы, PhD Гүлнұр Рашева құқықтық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі жөнінде сөз қозғады. Оның айтуынша, заңнаманы білу адамның күнделікті өмірде дұрыс шешім қабылдауына, өз құқықтарын қорғауына және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне негіз болады. Осы тұрғыда құқықтық сауаттылық жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастырудың маңызды факторларының бірі болып саналады.

Алматы қаласы Полиция департаментінің Әуезов аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Шыңғысхан Ибрагим құқық бұзушылықтардың алдын алудың практикалық қырларына тоқталды. Ол студенттерге криминалдық полиция қызметінің ерекшеліктері туралы баяндап, қауіпті алдын ала байқау және қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызын алға тартты. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі