Yнемі ізденісте жүретін студент
Білімге ұмтылыс, ғылымға қызығушылық, өнерге құштарлық және заманауи технологияларды меңгеруге деген талпыныс – бүгінгі жас ұрпақтың жан-жақты дамуының айқын көрінісі. Осындай биік талап пен ізденісті бойына тоғыстырған талантты жастың бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4-курс студенті Айжан Әлімбек.
Айжан Қуатқызы 2006 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2023 жылы Алматы қаласындағы №148 мектеп-гимназияны үздік тамамдап, «Қызыл аттестат» иегері атанды. Сол жылы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетіне мемлекеттік грант негізінде оқуға түсіп, «6В07303 – Жерге орналастыру» білім беру бағдарламасы бойынша білім ала бастады.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген Айжан оқу мен тәжірибені ұштастыра білетін, үнемі ізденісте жүретін студент ретінде ерекшеленді. Ол университет қабырғасында оқу озаты ғана емес, қоғамдық белсенділігі, жауапкершілігі және ұйымдастырушылық қабілетімен де танылып келеді. Студенттік өмірде көшбасшылық қасиетін айқын көрсете білген Айжан бірнеше жыл бойы топ старостасы ретінде өзіне жүктелген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен атқарды. Оның бастамашылдығы мен іскерлігі курстастарына да үлгі.
Айжанның ғылыми-зерттеу бағытындағы жетістіктері де ерекше атап өтуге лайық. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Фараби әлемі – 2024» халықаралық ғылыми конференциясында «Жер деградациясы және оны шешу жолдары» тақырыбындағы ғылыми жұмысын қорғап, «Жерге орналастыру» секциясы бойынша III дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар ғылыми мақалалары жарық көріп, зерттеу жұмыстарына белсенді қатысып келеді.
Кәсіби білімін жетілдірумен қатар, Айжан заманауи цифрлық технологияларды меңгеруге де ерекше көңіл бөледі. 2026 жылы халықаралық AI-SANA бағдарламасының «Intellectual Technologies and Entrepreneurial Thinking» оқу курсын 135 академиялық сағат көлемінде сәтті аяқтап, халықаралық сертификатқа ие болды. Сондай-ақ Huawei Talent халықаралық білім беру платформасындағы «AI Basics: Overview of AI» және «Search and AI» курстарын табысты тамамдады. Бұл оның заман талабына сай білім алуға, жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды кәсіби қызметімен ұштастыруға ұмтылысын көрсетеді.
2026 жылы Айжан ҚазҰУ-да өткен XVIII республикалық пәндік олимпиадада «Жерге орналастыру» білім беру бағдарламасы бойынша жүлделі II орынға ие болды. Бұл оның кәсіби білімінің тереңдігін, теориялық білімін практикамен ұштастыра алатынын және таңдаған мамандығына деген қызығушылығының жоғары екенін дәлелдейтін маңызды жетістік.
Айжанның болмысы тек ғылым мен біліммен шектелмейді. Өнер саласында да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған шығармашыл студент. «Farabi Fest-2023» байқауында халық биінен бас жүлдені, классикалық биден I орынды, заманауи биден II орынды иеленіп, Ыстықкөлге жолдама жеңіп алды. Бір байқауда өнердің бірнеше бағыты бойынша жоғары нәтиже көрсетуі оның таланты мен табандылығының айқын дәлелі.
Факультеттің қоғамдық және мәдени өміріне де белсенді араласатын Айжан 2024 жылы «Ең үздік студенттік топ» жобасында топ басшысы ретінде факультет намысын қорғап, ұйымдастырушылық қабілетін таныта білді. Ол өз командасын біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдыра алатын көшбасшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жоғары академиялық үлгерімі, ғылыми-зерттеу қызметіндегі белсенділігі мен қоғамдық жұмыстарға қосқан үлесі ескеріліп, 2025-26 оқу жылында Айжан Қуатқызы Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясына ие болды. Бұл жас студенттің бірнеше жыл бойғы табанды еңбегі, ізденісі және жетістіктерінің лайықты бағасы.
Айжанның бойындағы ең басты қасиеттердің бірі – өзін үнемі дамытуға деген ұмтылысы. Ол бір мезетте білімге, ғылымға, қоғамдық жұмысқа, цифрлық технологияларға және өнерге уақыт бөліп, әр бағытта нәтижеге жете білді. Ашық мінезі, сыпайылығы, кішіпейілдігі мен адамдармен тез тіл табыса білуі оның тұлғалық болмысын одан әрі аша түседі.
Бүгінде Айжан Әлімбек – университетіміздің білімді де белсенді, ізденімпаз әрі жан-жақты дамыған студенттерінің бірі. Оның әрбір жетістігі – тынымсыз еңбектің, нақты мақсаттың және өзіне деген сенімнің нәтижесі. Жасампаз жастың жарқын жетістігі бүгінгі марапатпен ғана өлшенбейді. Ол – болашаққа жасалған нық қадам. Айжанның білім мен ғылымды, заманауи технология мен шығармашылықты қатар алып жүруі оның болашақта кәсіби маман ретінде де, қоғамға пайдасын тигізетін білікті тұлға ретінде де биік белестерді бағындыратынына сенім ұялатады.
Өкетай САҒЫМБАЙ,
«Жерге орналастыру» оқу тобының кураторы, г.ғ.к.
Басқа жаңалықтар