ҚазҰУ ақпараттық қауіпсіздік бойынша халықаралық сертификат алды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ISO/IEC 27001:2022 халықаралық стандартының сәйкестік сертификатына ие болды. Құжат тәуелсіз халықаралық Swiss Approval International Inspection & Certification Body ұйымы университетте жүргізген бақылау аудитінің қорытындысы бойынша табысталды.
Сертификат университетте ақпараттық қауіпсіздікті басқарудың жүйелі тәсілі қалыптасқанын растайды. Ол ақпараттық тәуекелдерді бағалау және азайту, ақпараттық қауіпсіздікті басқару үдерістерін тұрақты жетілдіру тетіктерін қамтиды. Халықаралық стандарттың негізгі мақсаты – ақпараттың құпиялылығын, тұтастығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету.

ҚазҰУ-дың Ақпараттық технологиялар департаменті директорының міндетін атқарушы Бүркіт Жүнкебековтің айтуынша, бұл сертификат университет үшін маңызды қадам. Оның қолданылу аясы білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін, әкімшілік басқаруды, дербес деректерді қорғауды, IT-сервистер мен веб-ресурстарды, сондай-ақ онлайн және қашықтан оқыту жүйелерін қамтиды.
Сертификат ҚазҰУ-дың ақпараттық қауіпсіздікті нығайту және цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді. Сонымен қатар халықаралық талаптарға сәйкестік университеттің шетелдік серіктестер алдындағы сенім деңгейін арттырып, халықаралық білім беру және ғылыми жобаларға қатысуға қосымша мүмкіндіктер береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар