Ғалымдар түркі өркениетінің тарихын талқылады — ҚазҰУ

Ғалымдар түркі өркениетінің тарихын талқылады

26 қыркүйек 2026
Ғалымдар түркі өркениетінің тарихын талқылады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Щучинск қаласында өтіп жатқан «Ұлы Алтай – түркілердің атамекені» атты III халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Халықаралық форумға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия, Венгрия, Болгария, Бельгия, Ұлыбритания, Швеция, Германия және АҚШ-тан 100-ден астам ғалым мен сарапшы жиналды. Жиында Ұлы Алтайдың тарихи мұрасын зерттеудің жаңа тәсілдері, археологиялық деректер, түркі тілдерінің дамуы, ежелгі мемлекеттердің тарихы және этномәдени үдерістерге қатысты ғылыми еңбектер таныстырылды.

Пленарлық отырысты Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүргізді. Қатысушыларға Қазақстан Республикасының вице-президенті Ерлан Қарин құттықтау сөз арнады. Ол түркі әлемінің қалыптасу үдерістерін зерделеуде тарихи зерттеулердің маңызын атап өтіп, Еуразия халықтарының тарихи байланыстары мен ортақ мәдени мұрасын тереңірек танудың маңызына тоқталды.

Ресей Федерациясы Президенті Әкімшілігінің гуманитарлық саясат саласындағы Мемлекеттік саясат басқармасының басшысы Владимир Бочарников ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен зерттеулерді жалғастыруға назар аударды. Сондай-ақ Ресей ғылым академиясының вице-президенті, Ресей ғылым академиясы Археология институтының директоры, академик Николай Макаров, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Қойшиев, Моңғолия ғылым академиясының президенті Содносамбуу Дэмбэрэл және басқа да ғалымдар мен мемлекет өкілдері сөз сөйледі.

Пленарлық бағдарламада Ұлы Алтайдың тарихы мен мәдениетіне қатысты ғылыми баяндамалар ұсынылды. Зерттеушілер Ботай мәдениеті, көне тілдер және Орталық Азиядағы тілдік кеңістіктің қалыптасуы туралы тың деректер келтірді. Сонымен қатар Батыс Түрік және Хазар қағанаттарының тарихи сабақтастығы, Еуразия даласында жүрген саяси және мәдени үдерістер қарастырылды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры, филология ғылымының докторы, профессор Жансейіт Түймебаев «Еуразия кеңістігіндегі түркі тілдері» секциясына модераторлық етті. Секция барысында ғалымдар түркі тілдерінің дамуы, тілдік байланыстар және Еуразиядағы ортақ мәдени-тілдік кеңістіктің қалыптасуына қатысты зерттеулерін ұсынды.

Форумның ғылыми бағдарламасы түркі өркениетінің тарихы, Еуразия кеңістігіндегі түркі тілдері, Ұлы Алтай археологиясы, этнография және мәдени бірегейлік, сондай-ақ тарихи білімді білім беру жүйесінде пайдалану сияқты бес бағытты қамтыды.

Айта кетейік,  «Ұлы Алтай – түркілердің атамекені» конференциясы 2024 жылдан бері өткізіліп келеді. Алғашқы екі жиын Ресейдің Алтай Республикасында өтті. Биыл халықаралық форум Қазақстанда ұйымдастырылды.

Конференцияны Ресей әскери-тарихи қоғамы, Ресей ғылым академиясының Шығыстану институты, Ресейдің «Білім» қоғамы және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ұйымдастырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі