ҚазҰУ-да Кибермәдениет күні өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Cyber Community: Қауіпсіз цифрлық орта» ұранымен Кибермәдениет күні өтті. Ақпараттық іс-шара «Академиялық ортадағы киберқауіпсіздік: сын-қатерлер, тәуекелдер және практикалық шешімдер» тақырыбына арналды. Жүздесуге университеттің 100-ден астам студенті, оқытушылары мен қызметкерлері қатысты.
Жиынды ҚазҰУ-дағы ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің Киберқауіпсіздік және криптология кафедрасы ұйымдастырды. Кездесу ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Кибермәдениет айлығы және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында өтті. Іс-шараның басты демеушісі – «CSAI Group» компаниясы.

Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұлов киберсауаттылықтың заманауи білім берудің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын алға тартты. Деканның айтуынша, академиялық ортаның қауіпсіздігі әрбір пайдаланушының жауапты әрекетіне байланысты. Киберқауіпсіздік және криптология кафедрасының меңгерушісі Әсем Тұрарбек кибермәдениетті жүйелі түрде қалыптастырудың, сондай-ақ деректерді, аккаунттарды және цифрлық инфрақұрылымды қорғау бойынша практикалық дағдыларды дамытудың маңыздылығына тоқталды.

AST Cyber Lab, Еуразиялық банк және Банк ЦентрКредит сарапшылары қатысушыларға хакерлік шабуылдар мен деректердің таралып кетуіне қатысты нақты жағдайларды таныстырып, фишинг пен әлеуметтік инженерияның механизмдерін, аккаунттарды басып алу кезеңдерін, deepfake технологиясына байланысты қауіптерді және ақпаратты веб-сайттар арқылы берудің тәуекелдерін талдады.

Іс-шараның негізгі практикалық бөлімі белгілі сарапшы Манас Оспанов өткізген «Касперский зертханасы» компаниясының тренингі болды. Ол киберқауіптерге төзімділік тұрақты оқыту, шабуыл сценарийлерін пысықтау және күнделікті жұмыста түсінікті қорғаныс ережелерін қолдану арқылы қалыптасатынын атап өтті.
Қатысушылар фишингтік хабарламаларды анықтап, әлеуметтік инженерия жағдайларын талдап, цифрлық қауіпсіздік құралдарын сынақтан өткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар