Өмірзақ Сұлтанғазин С.Киров атындағы ҚазМУ-дың механика-математика факультетінің 1959 жылғы түлегі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Ұлттық ҒА академигі, ҰҒА вице-президенті. ҚР ҰҒА Ғарыштық зерттеулер институтының директоры. Өмірзақ Махмұтұлы математикалық физика есептерін шешудің сандық әдістері саласының маманы.
Қазан айында академик Өмірзақ Сұлтанғазиннің туғанына 90 жыл толады. Осыған орай, қайраткер тұлғаның қара шаңырағымыз ҚазҰУ-дың дамуына қосқан ерекше еңбегін атап өткім келді.
Көрнекті ғалым Өмірзақ Махмұтұлы Қостанай облысының Урицкий ауданы Қара-Оба ауылында дүниеге келген. Қара-Оба орта мектебін 1953 жылы аяқтаған. Ол Новосибирск академиясында академик Г.Марчуктың жетекшілігімен есептеу математикасы бойынша күрделі мектептен өтіп, кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғады. Еліміздегі есептеу математикасы саласындағы көптеген жетістіктер Ө.Сұлтанғазин есімімен тікелей байланысты. Академик Ө.Сұлтанғазиннің еліміздегі көшбасшы оқу ордасы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға көп еңбегі сіңді. Атап айтқанда С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінде кафедра меңгерушісі бола жүріп, елімізге қажетті маман-кадр даярлауға ерекше көңіл бөлді. Соның бір айғағы – 2001 жылдың қарашасында Есептеу математикасы кафедрасының негізінде Информатика кафедрасы ұйымдастырылды.
Информатика кафедрасының бакалавриат деңгейінде мынадай оқу бағыттары қолға алынды: Алгоритмдер теориясы және бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу; Параллельді есептеулерді ұйымдастыру; Web-технологиялар; Мәліметтер қоры теориясы; Компьютерлік жүйелер мен желілердің ақпараттық қауіпсіздігі; Әлеуметтік салаға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу; Технологиялық тапсырмаларды орындау үшін жабдықпен байланысы бар бағдарламалық қамтамасыз етуді құру. Тарихи шежіресі 2001 жылдан бастау алған кафедра көп жылдар бойы заманауи IT бағыттары бойынша бакалаврлар мен магистрларды дайындап келеді. Ол да «факультет атасы» Өмірзақ Сұлтанғазин ұстаздың зор еңбегінің бір көрінісі.
Кафедра құрамында ЭЕМ-электрондық есептеуіш машиналар зертханасы ашылды. Зертханада заман талабына сай келешек программистер даярланды. ЭЕМ-электрондық есептеуіш машиналар заман талабына сай өзгере бастады: алдымен Урал-1, Урал-11 бір және екі адресті машиналар келді. Одан кейін БЭСМ-6 үш адресті, сосын ЕС-1020; ЕС-1022 т.с.с., дербес компьютерлер, сөйтіп, бүгінгі күнге жеттік. Қазіргі ақпараттық технологиялар қалай жедел қарқынмен дамып жатқанын көріп отырсыздар.
2018 жылы жаңа ақпараттық технологиялар факультеті ашылып, оның құрамына Информатика кафедрасы кірді. Осы жетістіктердің нәтижесінде университетте ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті құрылды. Факультеттің белді кафедрасы – Компьютерлік ғылымдар кафедрасы ашылды. Компьютерлік ғылымдар кафедрасының білім беру бағдарламалары бакалавриат, магистратура, PhD (докторантура) мамандарын даярлайды.
Бүгінгі таңда өзіндік тарихы бар Компьютерлік ғылымдар кафедрасының жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрлары, оқытушылары мен түлектері қазіргі әлемдегі ІТ-технологияларды дамытуға өлшеусіз үлес қосуда.
Барлық мамандықтарда жасанды интеллект бойынша курстар өтеді. Атап айтқанда: машиналық оқыту, терең оқыту, бекітумен оқыту, нейрондық желілер, тілді өңдеу және осы пәндердің түрлі деңгейдегі озық түрлері. Компьютерлік ғылымдар кафедрасында «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні университеттің барлық факультеттерінде үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) оқытылады. Олар: киберқауіпсіздік, бұлтты және мобильді технологиялар, Smart технологиялар, E-технологиялар, жасанды интеллект негіздері: генеративті модельдерден – пәнаралық қолдануға дейін. Кафедрада ғылыми жұмыстармен айналысатын зертханалар жұмыс істейді. Оған Компьютерлік ғылымдар зертханасы, Жасанды интеллект және робототехника зертханасы, Бағдарламалық қамтамасыз ету зертханасы, Ақпараттық технологиялар және дизайн студенттер зертханасы, Зияткерлік бағдарламаланатын жүйелер зертханасы кіреді. Бұл зертханаларда түрлі ғылыми жобалар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда «Жасанды интеллект қолдану арқылы Қазақстандағы әйелдер сүт безі обырын ерте анықтау», «Мұнай өндіруді болжау мәселесін шешу үшін машиналық оқыту әдістерін қолдану», «Мұнайды ығыстыру мәселелерін шешуге арналған параллель физикалық-ақпараттандырылған нейрондық желілер», «Бүйрек трансплантациясына қатысты деректерді өңдеу және талдау үшін жасанды интеллект пайдаланатын интеллектуалды бағдарламалық модуль үшін алгоритмдік механизмді әзірлеу», «Суперкомпьютер ресурстарын қолдана отырып, биоинформатика және кванттық есептеулер мәселелерін шешуді автоматтандырудың интеллектуалды есептеу моделін құру». «Медициналық кескіндерді интерпретацияланатын талдау үшін терең нейрондық желілердің біріктірілген модельдерін құру» жобалары орындалуда.
Жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану соңғы уақытта білім беру жүйесінде маңызды бағыттардың бірі болып саналады. Осы жетістіктердің бәріне академик Өмірзақ Сұлтанғазиннің қосқан үлесі өте зор.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі жас буын өткен шежірелі тарихты біле бермейді. Құрылған әр факультеттің, тіпті әр кафедраның артында белгілі тұлғалар мен олардың шәкірттерінің зор еңбегі мен маңдай тері жатыр. Кейінгі ұрпақ осыны біле жүрсін, ұмытпасын деген ниетпен қолыма қалам алдым.
Тиыштық ХАКИМОВА,
Компьютерлік ғылымдар
кафедрасының доценті
Басқа жаңалықтар