ҚазҰУ-да Илья Дигельдің дәрісі өтті — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да Илья Дигельдің дәрісі өтті

29 қыркүйек 2026
ҚазҰУ-да Илья Дигельдің дәрісі өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ахен қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры, Биоинженерия институтының директоры Илья Дигель «Молекулалардан – мұзды серіктерге дейін: ғылым тоғысындағы жобалар» тақырыбында дәріс оқыды.  

Ғылыми-педагогикалық салада 33 жылдық тәжірибесі бар белгілі ғалымның дәрісіне университет оқытушылары, докторанттар, магистранттар мен студенттер жиналды. 

Ғалым өз дәрісінде биология, биотехнология, биоинженерия, медицина мен экологияны тоғыстыратын пәнаралық жобаларға тоқталды. Тақырыптардың бірі кластерлік иондардың қасиеттері мен концентрациясына, сондай-ақ олардың ауа ортасының сипаттамаларына әсер ететін үдерістерге арналды. Илья Дигель ауа сапасы, ауадағы бөлшектер мен микроорганизмдердің концентрациясы, олардың таралуы және ауа құрамындағы түрлі компоненттермен өзара әрекеттесуі туралы сөз қозғады.

Ғалым бір саладағы зерттеу нәтижелерінің басқа бағыттарда қалай қолданылатынына да назар аударды. Нақты жобалар мысалында молекулалық үдерістерді, микроорганизмдер мен қоршаған ортаның физикалық қасиеттерін зерттеудің медицина, биотехнология, экология және ғарыш салаларындағы кең ауқымды міндеттермен байланысын көрсетті. Мұндай тәсіл ғылыми мәселені әр қырынан қарастырып, түрлі пәндердің тоғысында жаңа шешімдер табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар профессор Сатурнның мұзды серігі –  Энцеладты зерттеуге бағытталған EnEx Enceladus Explorer жобасы мен VirEx, TRIPLESciDecABL2 сияқты іргелі халықаралық бастамалардағы тәжірибесімен бөлісті.    

Айта кетсек, профессор соңғы төрт жылда 65 бакалавр, 40 магистр мен 3 PhD докторын даярлаған. Жиын соңында қатысушылар ғалымға көкейкесті сұрақтарын қойып, мазмұнды пікір алысты. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі