ҚазҰУ-дағы BASF зертханасы таныстырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасындағы BASF Mining Solutions техникалық зертханасына баспасөз-туры өтті. БАҚ өкілдеріне зертхананың жабдықтары мен негізгі жұмыс бағыттары таныстырылды.
«BASF Орталық Азия» бас директоры Ростислав Камкиннің айтуынша, зертханада мамандар материалдарды бастапқы іріктеуден бастап, оны сынақтан өткізуге дейінгі жұмыстарды жүргізеді.

Кездесу барысында BASF компаниясының ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастығына да ерекше назар аударылды.
«ҚазҰУ – біздің ғылыми серіктесіміз. Қазірдің өзінде біз білім алушы жастарды зертхананың жұмысына тартудамыз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар кеңейеді. Яғни келесі жылдан бастап университет студенттері үшін жазғы тағылымдамалар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – дейді Ростислав Камкин.

Баспасөз-туры барысында журналистерге минералдық шикізатты байытудың негізгі әдістерінің бірі – флотация үдерісі көрсетіліп, зертханалық жабдықтардың мүмкіндіктері туралы мәлімет берілді.

Аталған зертхана 2025 жылы ашылған. Ол тау-кен өнеркәсібіне арналған химиялық шешімдерді қолданбалы зерттеу және сынақтан өткізу бағытында маманданған. Зертхананың негізгі жұмыс бағыттары – флотация және гидрометаллургия.
Мұнда мамандар кен үлгілерін зерттеп, нақты минералдық шикізаттың ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі реагенттер мен қоспаларды іріктеп, сынақтан өткізеді. Бұл тәсіл технологиялық шешімдердің тиімділігін алдын ала бағалауға және оларды Қазақстандағы кен орындарының ерекшеліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар