ҚазҰУ студенттері тоғызқұмалақтан Әлем кубогының жүлдегері атанды — ҚазҰУ

ҚазҰУ студенттері тоғызқұмалақтан Әлем кубогының жүлдегері атанды

1 қазан 2026
ҚазҰУ студенттері тоғызқұмалақтан Әлем кубогының жүлдегері атанды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Румынияның Бухарест қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы тоғызқұмалақтан Әлем кубогында үш медаль жеңіп алды. Университет спортшылары бір күміс және екі қола жүлдеге ие болды.

 Жарысқа механика-математика және журналистика факультеттерінің студенттері қатысып, шебер ойын көрсетті.

«Классика» санатында журналистика факультетінің 4-курс студенті Ернұр Мұратқалиев тамаша нәтиже көрсетіп, үшінші орынға жайғасты. Нәтижесінде жас спортшы Қазақстан құрамасының қоржынына қола медаль салды.

«Блиц» санаты бойынша оқу ордасының  студенттері бірден екі жүлдеге қол жеткізді. Механика-математика факультетінің 2-курс студенті Жомартқали Әлібай тартысты бәсекеде екінші орын алып, Әлем кубогының күміс жүлдесіне қол жеткізді.

Ал тағы бір қола медальді «Блиц» санатында Ернұр Мұратқалиев жеңіп алып, әлемдік додада екі дүркін жүлдегер атанды. 

Жүлдегерлерге оқу жолында және әлемдік спорт додасында жаңа жеңістер тілейміз!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі