ҚазҰУ студенттері АҚШ сарапшысынан дәріс алды — ҚазҰУ

ҚазҰУ студенттері АҚШ сарапшысынан дәріс алды

12 қазан 2026
ҚазҰУ студенттері АҚШ сарапшысынан дәріс алды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көшбасшылық пен коммуникация саласындағы халықаралық сарапшы, әлемге танымал Wharton School және Columbia Business School білім беру бағдарламаларының оқытушысы Дебора Грейсон Ригельмен интерактивті кездесу өтті.

Жүздесу ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың шақыруымен ұйымдастырылды. Шараға АҚШ сарапшысының Алматыға сапарын ұйымдастырған BeWoman халықаралық форумының негізін қалаушы, белгілі қоғам қайраткері және кәсіпкер Жанна Кан қатысты.

Сессияның ұйымдастырушысы және модераторы – Farabi International Business School директоры Жарасхан Сарыев болды.

Шеберлік сабағына Экономика және бизнес жоғары мектебі мен Farabi International Business School студенттері жиналды. «Мәселеден – мүмкіндікке: Appreciative Inquiry тәсіліне кіріспе» тақырыбындағы сессияда Дебора Грейсон Ригель адамның әлсіз тұстары мен қиындықтарына ғана назар аудармай, оның күшті жақтарын, табысты тәжірибесін және қолда бар мүмкіндіктерін анықтауға негізделген тәсілді таныстырды.

Сарапшы ойлау жүйесі, сөз қолданысы мен коммуникацияның жағдайды бағалауға, шешім қабылдауға және мақсатқа жетуге әсерін түсіндірді. Сондай-ақ жеке әлеуетті танып, жаңа мүмкіндіктерді анықтау және қолда бар ресурстарды тұлғалық әрі кәсіби даму жолында тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударды.

Шеберлік сабағы интерактивті форматында өтті. Диалог кезінде студенттер талқылауға белсенді қатысып, сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті. 

Кездесу студенттерге көшбасшылықты дамыту, командалық жұмысты жетілдіру және тиімді коммуникация орнату жөніндегі заманауи тәсілдермен танысуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар олар халықаралық сарапшымен тікелей пікір алысып, алған білімдерін кәсіби дамуда қолдану жолдары туралы ой түйді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі