ҚазҰУ Бельгияның жетекші университеттерімен келісімге қол қойды — ҚазҰУ

ҚазҰУ Бельгияның жетекші университеттерімен келісімге қол қойды

13 қазан 2026
ҚазҰУ Бельгияның жетекші университеттерімен келісімге қол қойды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемдік рейтингтерде алдыңғы қатардағы Бельгияның жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

Келісімдерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Бельгиялықтар Королі Филипп пен патшайым Матильданың қатысуымен өткен Қазақстан-Бельгия ректорларының форумында қол жеткізілді. 

Тиісті құжатқа Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен Гент, Лувен және Монс университеттерінің басшылығы қол қойды. 

Келісім аясында ҚазҰУ мен Гент университеті лингвистика саласында оқытушылар мен студенттер алмасуды, сондай-ақ докторантура деңгейінде қосдипломды білім беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр.

Гент университеті QS World University Rankings 2027 халықаралық рейтингінде 150-орынға, ал ARWU 2026 рейтингінде 98-орынға ие. 11 факультетті біріктіретін көпсалалы зерттеу университетінде гуманитарлық, жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдар, құқық, экономика, медицина, инженерия, сәулет, биоинженерия, фармация, ветеринария, психология және педагогика салалары бойынша мамандар даярланады.

Лувен және Монс университеттерімен жасалған меморандумда «Эразмус+» бағдарламасы арқылы оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету, олардың білім алуы мен кәсіби біліктілігін арттыру көзделген.

Сонымен қатар алдағы уақытта Лувен университетінің ғалымдары ҚазҰУ докторанттарына ғылыми жетекшілік жасайды деп жоспарлануда.

Айта кетейік, Лувен университеті QS World University Rankings 2027 рейтингінде 196-орынға ие болса, Монс университеті әлемдегі үздік 850 жоғары оқу орнының қатарына кіреді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі