ҚазҰУ мен Ресей институттары нейромикробиом орталығын құрады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде VII «Eurasia 2026: The Human Code» шығармашылық форумы аясында «Генетика және селекция: ғылыми мұра және даму көкжиегі» атты халықаралық симпозиум өтті.
ҚазҰУ мен Caspian University бірлесіп ұйымдастырған ауқымды ғылыми жиынға Қазақстан, Ресей, Франция, Швейцария, Болгария, Үндістан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен жетекші ғалымдар қатысты.

Симпозиумның ашылу салтанатында ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов құттықтау сөз сөйледі.
Шараның ең маңызды оқиғаларының бірі – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ресей ғылым академиясының Н.И.Вавилов атындағы Жалпы генетика институты және Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Цитология және генетика институты арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы болды. Келісімге сәйкес, тараптар болашақта Нейромикробиом ғылыми орталығын құрып, оның жұмысын бірлесіп ұйымдастыруды көздеп отыр.

Пленарлық отырыста ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан генетиктері мен селекционерлері қоғамының төрағасы Ерлан Тұрысбеков қоғамның қалыптасу тарихы мен ғылыми дәстүрлер сабақтастығы туралы баяндады.
Сонымен қатар симпозиумда Генетика және физиология институтының Палеогенетика және этногеномика орталығының жетекшісі, профессор Ләйла Жансүгірова, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Өсімдіктер биотехнологиясы зертханасының меңгерушісі, профессор Раушан Ержебаева, Үндістанның Gochar Mahavidyalaya колледжінің фитопатология профессоры Раджбир Сингх, Ресей ғылым академиясының Н.И.Вавилов атындағы Жалпы генетика институтының эволюциялық геномика зертханасының меңгерушісі Евгений Рогаев, Францияның Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығының (CNRS) ғылыми жетекшісі Мұрат Сапарбаев және басқа да ғалымдар баяндама жасады. Жиын барысында олар молекулалық және экологиялық генетика, палеогенетика, сондай-ақ ауылшаруашылық дақылдарының селекциясы мен биотехнологиясы бағытындағы маңызды зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Секциялық отырыста мамандар молекулалық генетика, биотехнология, гендік инженерия және өсімдіктер селекциясына қатысты соңғы зерттеулерін таныстырды. Ғалымдар бидайдың егін жинауға дейін өніп кетуіне төзімділігін анықтайтын генетикалық маркерлерді, Қырғызстанның тәлімі жерлеріне бейімделген күздік бидай селекциясын, мақтаның метаболизмдік инженериясын, бактерияларды молекулалық-генетикалық тұрғыдан зерттеуді, сондай-ақ микропластиктің уытты және геноуытты әсерін кеңінен қарастырды.

Симпозиум Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, ҚазҰУ-дың Молекулалық биология және генетика кафедрасының негізін қалаушы Ғақаш Закиұлы Бияшевтің туғанына 120 жыл толуына арналды. Шара аясында ғалымның ғылыми мұрасы мен ұрпақтар сабақтастығы мәселелеріне де назар аударылды.
Шара соңында қатысушылар ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханаларын аралап, ғылыми инфрақұрылымымен танысты.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар