Ректор түркі мұрасының цифрлық базасын құруды ұсынды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанмен кездесті.
Тараптар түркітану саласын дамыту перспективаларын және лингвистикалық зерттеулерге заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.
Жүздесу барысында түркі халықтарының тілдік, жазба және ғылыми мұрасын біріктіретін бірыңғай цифрлық база құру бастамасы негізгі тақырыптардың бірі болды. Жоба аясында қолданыстағы сөздіктерді, монографияларды, ғылыми еңбектер мен басқа да материалдарды зерделеп, жүйелеу және олардың негізінде ортақ электронды ресурс қалыптастыру көзделіп отыр.

Жансейіт Түймебаев бұл бастаманы жүзеге асыру үшін жинақталған ғылыми материалдарды кешенді түрде зерттеп, жүйелеу қажеттігін атап өтті.
«Құрылатын база күллі түркі әлеміне үлгі болатын ресурсқа айналуы тиіс. Ол жинақталған ғылыми білімді бір арнаға тоғыстырып, зерттеушілерге осы материалдарды еркін пайдалануға мүмкіндік беруі керек», – деді ректор.

Өз кезегінде Анар Фазылжан іргелі түркітану зерттеулерін жүйелі түрде дамытудың және дәстүрлі ғылыми әдістерді сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар