- Басты бет
- Кампус
- №15 Студенттер үйінде «Студенттік өмір және заңды тәртіп: жауапкершілік пен этика» тақырыбында кездесу өтті
№15 Студенттер үйінде «Студенттік өмір және заңды тәртіп: жауапкершілік пен этика» тақырыбында кездесу өтті
2026 жылғы 28 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Студенттер қалашығы мамандарының ұйымдастыруымен №15 Студенттер үйінде «Студенттік өмір және заңды тәртіп: жауапкершілік пен этика» тақырыбында студенттермен кездесу өтті.
Кездесудің басты мақсаты – студенттер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң алдындағы жауапкершілік сезімін арттыру және күнделікті өмірде этикалық нормаларды сақтаудың маңыздылығын түсіндіру. Сонымен қатар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық ортада өзін-өзі ұстау мәдениетін дамыту және студенттік ортада өзара құрмет пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту мәселелеріне назар аударылды.
Іс-шараға Студенттер қалашығы директорының орынбасары Е.Т. Қалшаев және География және табиғатты пайдалану факультетінің әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасары А.Н. Сакенова қатысып, студенттермен еркін форматта пікір алмасты.
Кездесу барысында студенттік өмірдегі ішкі тәртіп ережелерін сақтау, Қазақстан Республикасының заңнамаларын құрметтеу, қоғамдық орындардағы мінез-құлық мәдениеті, жеке жауапкершілік пен өзара сыйластық мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ жатақханадағы тәртіп талаптарын орындау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау, айналадағы адамдардың құқықтары мен жеке кеңістігін құрметтеу қажеттігі атап өтілді.
Өз сөзінде Е.Т. Қалшаев студенттердің университет қабырғасында тек сапалы білім алып қана қоймай, қоғамның белсенді, саналы әрі жауапты мүшесі ретінде қалыптасуы маңызды екенін жеткізді. Ол заң талаптарын сақтау, ішкі тәртіп ережелерін орындау және академиялық адалдық қағидаттарын ұстану әрбір студенттің азаматтық ұстанымының маңызды бөлігі екенін атап өтті. Сонымен қатар әрбір жастың өз әрекетіне жауапкершілікпен қарап, университеттің қоғамдық өміріне белсенді араласуы қажеттігіне тоқталды.
Ал А.Н. Сакенова студенттердің тұлғалық дамуы мен тәрбиелік мәдениетін қалыптастыруда әдептілік, өзара түсіністік, сыйластық және жауапкершілік қасиеттерінің маңызына назар аударды. Студенттік кезеңде қалыптасқан адамгершілік құндылықтар мен дұрыс мінез-құлық дағдылары болашақ кәсіби және қоғамдық өмірде де маңызды рөл атқаратыны айтылды.
Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Ашық диалог форматында өткен жиын қатысушыларға өзекті мәселелерді талқылауға, құқықтық және этикалық нормаларға қатысты түсініктерін кеңейтуге мүмкіндік берді.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында азаматтық жауапкершілік, қоғамдық тәртіпке құрмет және академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Студенттік қалашықта осындай тәрбиелік және ақпараттық кездесулерді тұрақты ұйымдастыру қауіпсіз, қолайлы әрі өзара сыйластыққа негізделген университеттік орта қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.


Басқа жаңалықтар