- Басты бет
- Жастар ұйымдары
- ҚазҰУ-да жастарға «Ұлттық қор – балаларға» жобасының мүмкіндіктері таныстырылды
ҚазҰУ-да жастарға «Ұлттық қор – балаларға» жобасының мүмкіндіктері таныстырылды
2026 жылғы 23 қыркүйекте «Отбасы банк» АҚ мамандары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультеті мен Биология және биотехнология факультетінің білім алушыларымен жүздесіп, «Ұлттық қор – балаларға» мемлекеттік жобасының негізгі тетіктері мен қаржылық мүмкіндіктері туралы түсіндірме жүргізді.
Кездесу барысында студенттерге жоба аясында әр балаға есептелетін қаражаттың жинақталу ерекшеліктері, оны пайдалану тәртібі және белгіленген талаптары жөнінде кеңінен мәлімет берілді. Банк өкілдері нысаналы жинақтарды тұрғын үй сатып алуға немесе білім беру қызметтерінің ақысын төлеуге жұмсау жолдарын нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Сонымен бірге мамандар депозит ашу рәсіміне қатысты тәжірибелік ақпарат ұсынып, оны рәсімдеу кезеңдері мен қажетті құжаттар туралы айтып өтті. Қатысушылар жинақ қаражатын мақсатты пайдалану тәртібі жөнінде кеңес алып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.
Іс-шараның маңызды бағыттарының бірі – жастар арасында қаржылық жауапкершілік пен жинақтау мәдениетін қалыптастыру болды. Осы орайда банк қызметкерлері жеке қаражатты жоспарлау, қаржылық мүмкіндіктерді орынды пайдалану және болашаққа алдын ала дайындалудың маңыздылығына назар аударды.
Мұндай кездесулер студенттердің мемлекеттік қаржылық бастамалар туралы ақпараттануын арттырып, олардың тұрғын үйге қол жеткізу және сапалы білім алу бағытындағы мүмкіндіктерін тиімді пайдалануына жағдай жасайды. Сонымен қатар қаржы саласының мамандарымен тікелей байланыс орнату жастардың практикалық білімін толықтырып, жеке қаржылық мәселелер бойынша дұрыс шешім қабылдауына көмектеседі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттердің жан-жақты дамуына, әлеуметтік қолдау тетіктері туралы хабардар болуына және өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруіне бағытталған жобаларды қолдауды жалғастырады.

