- Басты бет
- Жастар ұйымдары
- «Ұлттық қор – балаларға»: студенттерге жинақталған қаражатты пайдалану тәртібі түсіндірілді
«Ұлттық қор – балаларға»: студенттерге жинақталған қаражатты пайдалану тәртібі түсіндірілді
2026 жылғы 30 қыркүйекте «Отбасы банк» АҚ қызметкерлері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия және химиялық технология факультетінің студенттерімен кездесіп, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жинақталған қаражатты пайдалану тәртібі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – 18 жасқа толған студенттерге бағдарлама аясында өз атына жинақталған қаражатты алу жолдарын түсіндіру, оны тиімді пайдалану мүмкіндіктерімен таныстыру және тұрғын үй мәселелеріне қатысты ақпарат беру.
Іс-шара барысында банк қызметкерлері бағдарламаның негізгі талаптары мен қаражатты алу кезеңдері туралы жан-жақты мәлімет ұсынды. Сондай-ақ студенттерге жинақталған қаражаттың көлемін тексеру, оны алу үшін қажетті рәсімдерді орындау және қаражатты мақсатты түрде пайдалану тәртібі түсіндірілді. 18 жасқа толған студенттерге қаражатты алу және депозит ашу рәсімдерін жүзеге асыру барысында практикалық көмек көрсетілді.
Сонымен қатар банк мамандары депозит ашудың ерекшеліктері, жинақ қаражатын басқару және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мүмкіндіктер туралы кеңінен әңгімеледі. Студенттер тұрғын үй сатып алу, бастапқы жарна жинақтау және депозитке қаражат салу мәселелері бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Банк қызметкерлері әр сұраққа жауап беріп, тиісті түсініктемелер мен кеңестер ұсынды.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында жалғасып, студенттер өздеріне қажетті ақпаратты тікелей банк мамандарынан алуға мүмкіндік алды. Мұндай кездесулер жастардың мемлекеттік бағдарламалар туралы хабардарлығын арттырып қана қоймай, қаржылық шешімдерді саналы түрде қабылдауына, жинақ қаражатын жоспарлы әрі тиімді пайдалануына ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім алушылардың жан-жақты дамуына, олардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және әлеуметтік мүмкіндіктері туралы ақпараттануына ерекше мән береді. Осы бағыттағы кездесулер студенттердің өз құқықтары мен мүмкіндіктерін білуіне, болашаққа қатысты маңызды шешімдерді дұрыс қабылдауына қолдау көрсетеді.