Әбдуәли Қайдардың 100 жылдығына арналған конгрестегі сөзіFarabi University

Әбдуәли Қайдардың 100 жылдығына арналған конгрестегі сөзі

11 желтоқсан, 2024

Құрметті конгресс қонақтары!

Құрметті зиялы қауым, әріптестер, білім алушы жастар!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!

Биыл мемлекет қайраткері, лингвист, түркітанушы ғалым, академик Әбдуәли Қайдардың туғанына 100 жыл толып отыр.

Саналы ғұмырын қазақ тіл білімі ғылымына арнаған ғалым 400-ден астам ғылыми еңбек жазған.

40-тан астам монография, оқулық, сөздік пен оқу-әдістемелік құралдарын шығарған.

Бүгінгі халықаралық конгресте қазақ тілімен қатар, түркітектес халықтарға ортақ тіл, этнос, қоғам мәселелерін талдайтын боламыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Ұлттық құрылтайда  сөйлеген сөзінде:

«Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным.

Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді.

Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады.

Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық», – деді.

Қазақ тіл білімін зерттеп, тереңдетіп оқытуда университет ғалымдарының еңбегі зор.

Білім ордасында әр кезеңдерде қазақ тілі мен әдебиеттану саласының корифейлері – Мұхтар Әуезов, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Алма Қыраубаева, Шора Сарыбаев, Мүсілім Базарбаев, Шериаздан Елеукенов, Рымғали Нұрғали, Бейсенбай Кенжебаевтар өзіндік үлкен мектеп қалыптастырды.

Осы қатарда есімі ерекше аталатын ғалымның бірі –  Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан көрнекті ғалымдарын мақтан тұтады.

Мемлекет және ғылым қайраткері, академик Әбдуәли Қайдар – біздің университетіміздің түлегі.

Тіл білімі мен әдебиеттану саласында еңбек етіп жүрген көптеген ғалымдардың тәлімгері, біздің қадірлі ұстазымыз.

ҚазҰУ-да дәріс оқып, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының дамуына елеулі үлес қосты.

Тіл білімі саласында білімді шәкірттер тәрбиелеп, көптеген ғылым кандидаттары мен докторларына жетекшілік жасады.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары қабылданған «Тіл туралы» заңының жаңа жобасын жасауға қатысты.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізін қалаушылардың бірі болды.

Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар – Ұлы Отан соғысының ардагері, Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері.

  Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін Түркияның «Türk Dil Kurumu» құрметті мүшесі атанды.

 Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі атанған.

Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар – тіл білімі саласында өзіндік мектеп қалыптастырған ірі ғалым.

Бүгінде ғалымның өнегелі жолын шәкірттері жалғастырып келеді.

Біз қалыптасқан академиялық дәстүрлерді жаңғыртып, филология ғылымының жаңа бағыттарын қарастыруымыз керек.

Өткен жылы профессор Әбдуәли Қайдар тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

Ғалымның туғанына 100 жыл толуына байланысты көптеген ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Бүгінгі конгресті университет Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен, Халықаралық түркі академиясымен, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен  бірлесіп өткізуде.

Конгресс жұмысы ғалымның еңбектерін жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеуге мүмкіндік береді.

Білікті тіл мамандары, шәкірттері және жас ғалымдар тәжірибе алмасып, жаңа зерттеулерге жол ашады деп сенемін.

Конгресс жұмысына табыс тілеймін!