- Басты бет
- Жастар ұйымдары
- ТДМ-16: Отбасы банк «Ұлттық қор – балаларға» жобасы туралы студенттерге кеңес берді
ТДМ-16: Отбасы банк «Ұлттық қор – балаларға» жобасы туралы студенттерге кеңес берді
.jpeg)
Университетімізде 2025 жылдың 5 ақпан күні Алматы қаласы бойынша жауапты «Отбасы банк» қызметкерлері Химия және химиялық технологиялар факультетінің студенттеріне 2024 жылдан бастап енгізілген «Ұлттық қор – балаларға» жобасы туралы ақпарат берді. Бұл жоба еліміздің болашағы, яғни балалар мен жасөспірімдер үшін аса маңызды қаржылық қолдау құралы болып табылады.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасының негізгі мақсаты – 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер үшін арнайы жинақ есептерін ашу, сол арқылы Ұлттық қордан жыл сайын белгілі бір мөлшерде қаражат түсіп отыруын қамтамасыз ету. Бұл жинақтар болашақта балалардың білім алу, тұрғын үй мәселесін шешу және басқа да маңызды қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын болады.
Жоба туралы ақпаратты жеткізу мақсатында университетімізге келген «Отбасы банк» мамандары, әсіресе 2006 жылы дүниеге келген студенттерге ерекше назар аударды. Себебі, бұл студенттер жақын арада 18 жасқа толып, олардың жинақтары бойынша ақылы бөлімде білім алу кезінде оқу ақысына, тұрғын үй сатып алу немесе басқа да мақсаттарға қаражат аудару мүмкіндігіне ие болады. Жобаның басты мақсаты – студенттерге және олардың отбасыларына болашақта қаржылық қолдау көрсету, сондай-ақ мемлекет тарапынан бөлінетін қаражатты тиімді пайдалану.
Химия және химиялық технологиялар факультетінің студенттері өз жинақ қорлары мен тұрғын үй алу мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойып, «Отбасы банк» мамандарынан толық әрі нақты жауаптар алды. Сонымен қатар, жинақ есебі жоқ студенттерге арнайы есеп ашу мүмкіндігі ұсынылып, банк қызметкерлері бұл процессті қалай бастау және жүргізу керектігін түсіндірді. Студенттер ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жоғары бағалап, өз ризашылықтарын білдірді.