БҮГІН – ҒЫЛЫМДАҒЫ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КҮНІ
![](/storage/news/346600759867aac0129e0cb286923247_002.jpeg)
Құрметті Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің әйел ғалымдары!
Сіздерді 11 ақпан – Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен бұл атаулы күннің басты мақсаты – ғылымдағы әйелдер мен қыз-келіншектердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын толыққанды іске асыруына қолдау көрсету, жаңа мүмкіндіктеріне жол ашу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанда әйелдерге барлық жағдай жасалған. Кез келген істе әйелдердің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі айқын аңғарылады. Әйелдер қауымының жасампаздық қасиеті мен күш-қуаты жаңа Қазақстанның ілгерілеуіне септігін тигізеді деп сенемін», – деп атап өткен болатын.
Елімізде Президент тапсырмасымен қабылданған Отбасы және гендерлік саясат туралы жаңа тұжырымдама негізінде әйелдердің өзін-өзі дамытуына мол мүмкіндіктер берілген.
Бүгінде республикамыздағы ғылым саласында әйел ғалымдардың үлесі артып келеді.
Қазақстандық ғалым әйелдер мен қыздар БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын орындауда, еліміздегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде белсенді қызмет атқаруда.
Тоқсан жылдан астам тарихы бар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әйел ғалымдардың алатын орны ерекше.
Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да табысты еңбек етіп жүрген 2475 оқытушы-профессордың 1772-сі әйел азаматтар.
Олар білім ордасындағы жалпы ғалымдар санының 71 пайызын құрайды.
Университетіміздегі 647 ғылым докторының 383-і, 697 ғылым кандидатының 498-і, 588 PhD доктордың 391-і және 1 ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының 3 корреспондент-мүшесі – әйел-ғалымдар.
ҚазҰУ-дың зерттеуші әйелдері мен қыздары университеттік ғылымды дамытуға елеулі үлес қосып, ауқымды ғылыми жобаларға белсенді қатысып, нәтижелі еңбек етуде.
Өткен жылдан бері университет ғалымдарының ішінен алты ғалым қыз Президент атынан берілген тұрғын үй сертификаттары бойынша Алматы қаласынан жаңа баспана алды.
Бұл – Мемлекет басшысының ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру, ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру бойынша тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылған игі бастама.
Отбасы құндылығын сақтап, саналы ұрпақ тәрбиелеп, ғылымды қатар алып жүрген нәзік жандылардың қоғамды дамытып, ғылымды өркендетуде зор табыстарға жететініне сенімдімін.
Университетіміздің ғалым ханымдарына мықты денсаулық, шаңырақтарына қуаныш-береке, отбасы мен жақындарына амандық тілеймін!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ
Басқа жаңалықтар
![](/storage/news/199226542767ab129ced022779042524_12.jpeg)
![](/storage/news/339977538967ab130e225b1415485901_13.jpeg)
![](/storage/news/346600759867aac0129e0cb286923247_002.jpeg)