Бинәлі Йылдырым ҚазҰУ-да көшбасшылық дәріс оқыды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Түркияның экс-премьер-министрі, Түркияның мемлекет және саяси қайраткері Бинәлі Йылдырым іссапармен келіп, университет басшылығымен кездесіп, студенттерге көшбасшылық дәріс оқыды.
Жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Түркияның экс-премьер-министрі, Түркия Республикасының мемлекеттік «Құрмет» медалінің иегері, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, саясатқа, экономикаға және білім беруді дамытуға елеулі ықпал еткен көрнекті қайраткердің елеулі еңбектерін атап өтті.
ҚазҰУ бүгінде Түркияның 46 жоғары оқу орны және ұйымдарымен, соның ішінде Ыстамбұл университеті, Ақдениз білім ордасы, Анкара әлеуметтік ғылымдар университеті, Ыстамбұл техникалық университеті сияқты беделді оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда.
«Біз Қазақстан Президентінің 2022 жылғы 11 мамырдағы ресми сапары аясында ҚазҰУ-дың Ыстамбұлдағы филиалының ашылуын ерекше мақтан тұтамыз. Бұл жоғары білім беру бағдарламаларын белсенді дамытуға, ғылым мен білімнің халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануына ықпал етеді. Бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынастарды жандандыруға және білім беру мен ғылыми байланыстарды нығайтуға қосқан үлестеріңіз біз үшін аса маңызды. Сіздің біліміңіз бен тәжірибеңіз студенттер мен ғалымдарды шабыттандырады, сонымен қатар өз халқы мен қоғамға қызмет етудің үлгісі болып табылады», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Бинәлі Йылдырым көшбасшылық дәрісте Қазақстан мен Түркияның экономика, сауда, білім беру, өнеркәсіп салаларындағы тығыз достық қарым-қатынастардың қалыптасқаны жайлы айтты. «Біз түркі мемлекеттері ұйымдары аясында сауда-экономикалық байланыстарды дамытудың зор әлеуетін көріп отырмыз. Мысал ретінде түркі мемлекеттерінің сыртқы сауда қатынастарын келтіруге болады. Бұл экономикалық ынтымақтастықты дамытуды қаншалықты ынталандыратынын көрсетеді. Бірақ экономика – бұл көріністің бір бөлігі ғана. Байланыстарды шынайы нығайту үшін біз бір-бірімізді жақсы тануымыз керек. Бұл дегеніміз – біз ортақ құндылықтарымызды, ең алдымен тілді, ғылымды және білім беруді дамыту», – деп атап өтті Бинәлі Йылдырым.
Дәріс соңы өзара пікір алмасуға ұласып, қатысушылар мен студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


