Баспа ісіндегі цифрлық технологиялар талдандыFarabi University

Баспа ісіндегі цифрлық технологиялар талданды

26 ақпан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Цифрлық трансформация жағдайындағы кітап ісінің баспа технологиялары мен бизнес-модельдері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шара Қазақстандағы баспа ісінің негізін қалаушы, көрнекті ғалым, жазушы, публицист, профессор Әбілфайыз Ыдырысовты еске алуға арналған дәстүрлі «Ыдырысов оқулары» аясында ұйымдастырылды.

Конференция жұмысына республиканың жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының белгілі ғалымдары, баспалардың, дизайн орталықтарының өкілдері, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.

Іс-шараның ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, профессор Әбілфайыз Ыдырысовтың ғылым мен әдебиетке қосқан елеулі еңбегін атап өтті.  «Көрнекті ғалым 800-ден астам публицистикалық мақала, очерктер, оқулықтар дайындады. Мемлекет және қоғам қайраткері ретінде қоғамның өзекті мәселелерін көтерді. Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап ғалым өз еңбектері арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеді», – деді университет басшысы.

Жиын барысында «Ыдырысов байқауы» жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Республикалық басылымдарда түрлі тақырыптарда мақалалар жариялаған журналистика факультетінің үздік студенттері марапатталды. Үздік жастарға дипломдар, сертификаттар, алғыс хаттар мен стипендияларды мемлекет қайраткері, дипломат Ерлан Ыдырысов пен Баспа-редакторлық және дизайн өнері кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Айгүл Рамазан табыстады.

Филология ғылымының докторы, профессор, «Абай» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев  қайраткер қаламгер туралы баяндама жасап, естеліктерімен бөлісті, Әбілфайыз Ыдырысовтың ең алдымен жазушы және публицист ретіндегі тұлғасын ашты.

Іс-шарада ҚР Парламенті Сенатының депутаты, журналист Нұртөре Жүсіп, ғалымдар Қансейіт Әбдезұлы, Кәкен Қамзин, Өмірхан Әбдіманұлы, ҚР Ұлттық кітап палатасының директоры, баспагерлер, полиграфистер және Кітап таратушылар қауымдастығының президенті Әділ Қойтанов т.б. сөз сөйледі.

Конференция жұмысы «Отандық кітап шығарудағы баспа жобалары: негізгі модельдер», «Цифрлық технологиялардың полиграфиялық қызметке әсері», «Цифрландыру жағдайындағы кітап дизайнының эволюциясы» тақырыбындағы секциялық отырыстар аясында жалғасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі