ҚазҰУ Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Farabi HUB» орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мәдени шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Алматы қаласы әкімдігінің, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, оқытушы-профессорлар мен білім алушы жастар қатысты.
Алғыс айту күні – қазақстандық патриотизм, бірлік пен достық мерекесі. Биыл Қазақстан еліміздің көпұлтты қоғамының бірлігі мен келісімінің символына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтуде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев барлық қонақтар мен қатысушыларды мерекемен құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы елдегі этносаралық келісім мен мәдени әртүрлілікті нығайту мақсатында құрылғанын атап өтті.
«Отыз жыл ішінде ассамблея түрлі этникалық топтар арасындағы диалог пен ынтымақтастық үшін маңызды құралға айналды, бұл Қазақстанға бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді», – деді ректор.
Іс-шарада сонымен қатар профессор, филология ғылымының докторы Людмила Екшембеева, профессор, химия ғылымының докторы Григорий Мун, аға оқытушы, PhD Анастасия Скрипникова, аға оқытушы, PhD Ниномия Такаши (Жапония) және филология ғылымының кандидаты Фатима Мамедова сөз сөйледі. Олар Алғыс айту күніне өз тілектерін білдіріп, елдегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен достықты сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Мерекелік шара барысында ҚазҰУ оқытушылары мен қызметкерлері, сондай-ақ университетпен серіктес «Qazaq story» компаниясының өкілдері «Farabi» алтын медалі, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісі, Алматы қаласы әкімі мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының Құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

