Васеда университетіндегі тағылымдама

ҚазҰУ әлемнің жетекші университеттерімен ынтымақтаса жұмыс істейді. Соның ішінде Жапонияның білім беру мекемелері аясында білім және мәдени тәжірибе алмасуға бірегей мүмкіндіктер береді.
Мен шығыстану факультетінің 4-курс студентімін. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап Токио қаласында орналасқан Васеда университетінде бір жылдық академиялық тағылымдамадан өтіп жатырмын. Васеда университеті мен ҚазҰУ арасында білім-ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған. Мен гуманитарлық факультетте «Денсаулық және әлеуметтік ғылымдар» мамандығы бойынша бір жыл оқимын. Университетте адам денсаулығы мен әл-ауқаты мәселелерін, оның ішінде әлеуметтік қамқорлық пен қолдауды, әлеуметтік денсаулықты қамтамасыз етуді зерттейміз.
Мен адам ресурстарын дамытуға арналған әлемнің түкпір-түкпірінен студенттерді біріктіретін Heiwa Nakajima жеке стипендиясының иегерімін. Бұл стипендия жапон университеттерінде оқуға бірегей мүмкіндік береді әрі қаржылай қолдау көрсетіп, жаңа білім мен халықаралық тәжірибеге есік ашады.
Васеда университеті – жоғары академиялық стандарттары, инновациялық зерттеулері және халықаралық ықпалы арқасында танымал, Жапониядағы ең беделді және көрнекті оқу орындарының бірі. 1882 жылы негізі қаланған, дәстүрге толы тарихы, дарынды шәкірттері мен көрнекті ұстаздары бар жетекші оқу орны. Университет білімді іс жүзінде қолдануға және қоғамның болашағына ықпал ете алатын мамандарды даярлайтынымен танымал. Васеданың көрнекті түлектерінің қатарында Жапонияның тоғыз премьер-министрі, жазушы Харуки Мураками және Sony негізін қалаушы Масару Ибука бар.
Жапония бойынша университеттің тоғыз кампусы бар, мен олардың бірінде, Сайтама префектурасының Токорозава қаласында оқимын. Кампус гуманитарлық факультет пен спорт ғылымдары факультетін біріктіреді. Ол жасыл желекпен қоршалған көркем таулы биіктікте орналасқан және ғимараттар арасындағы қозғалысты барынша ыңғайлы ететін инфрақұрылымға ие. Мен үнемі мол ағашпен қоршалған аллеямен серуендеймін, таза ауадан жаным рахаттанады, бұл маған оқуға зейін қоюға және табиғатпен үйлесімді болуға көмек береді.
Университетте оқытудың негізгі тілі жапон тілі болғанымен, Васеда ағылшын тілінде де курстар ұсынады, студенттер өз пәндерін еркін таңдай алады. Бұған қоса, қытай, француз немесе испан тілдері сияқты жаңа тілдерді үйренуге болатын пәндер бар.
Жапон университеттерінің білім беру жүйесінің қызықты ерекшеліктерінің бірі – «земи» сияқты құбылыстың болуы. Бұл студенттердің шағын топтары, профессордың жетекшілігімен белгілі бір тақырыпты тереңдетіп оқумен айналысады. Қарапайым тілмен айтқанда, земиді семинар сабақтарымен немесе оқу топтарымен салыстыруға болады, бірақ Жапонияда бұл процесс көбіне ресми және қарқынды. Үшінші курстан бастап студенттер ғылыми зерттеулерге дайындала бастайды, дипломдық жұмыстарды жаза бастайды, ғылыми жетекшіні таңдап, «земиге» кіреді. Осы семинарлар аясында студенттер жиі далалық зерттеулер жүргізіп, мектептер мен ұйымдардағы түрлі іс-шараларға қатысады. Осылайша Жапониядағы студенттік өмір тек оқумен шектелмейді: оқу тәжірибесін одан да бай және құнды ететін көптеген сыныптан тыс іс-шаралар бар.
Мен профессор Атсуши Огихараның «земи» мүшесімін, оның ғылыми қызығушылығы – қоғамдық денсаулық саласы. Менің зерттеу тақырыбым медицина мен білім беруде жасанды интеллектіні пайдалану туралы және Васеда университетінде осы тақырыпқа қатысты ақпаратқа еркін қол жеткізе аламын. Менің зерттеуіммен тығыз байланысты көптеген тақырыптар да бар.
Жапонияда жүргеніме бес айдан асты, мен осы алып мегаполистегі өмір ырғағына толықтай үйрендім. Токио халқы мейірімді және достыққа бейіл, әрқашан көмектесуге дайын. Қала мәдени мұра мен озық технологиялар сәтті үйлесетін дамыған инфрақұрылымымен танымал. Коронавирус пандемиясынан кейін Жапония өз шекараларын қайта ашты, ал қазір Токио бүкіл әлем жұртшылығының ортақ үйі, бұл қаланы одан да қызықты етеді.
Университеттегі Жапон тілі орталығында шетелдіктерге арналған жапон тілі курстарына қатысуға мүмкіндігім бар. Менің сыныбымда түрлі ұлт өкілдері: америкалықтар, испандар, қытайлар және басқа ұл өкілдері жетерлік. Университет мәдениетаралық алмасуды белсенді түрде дамытады және әрбір кампуста шетелдіктер мен жапондықтар өзара қарым-қатынас жасай алатын орталықтар бар. Мысалы, мен өткен айда кәсіби кондитер аспазының жапондық вагаши тәттілерін жасауды үйреткен тегін шеберлік сабағына қатысуға мүмкіндік алдым.
Сонымен қатар университетте әдебиетке бай бірнеше кітапхана бар, онда студенттер еркін білім алып, ізденуге уақыт бөледі. Бұл біліміңді тереңдету және оқу үдерісінен ләззат алудың тамаша мүмкіндігі.
Қорытындылай келе, тағылымдаманың бір бөлігі ретінде шетелде оқу мүмкіндігі үлкен мәртебе әрі құнды тәжірибе дегім келеді. Бұл тәжірибе менің білімімді тереңдетіп, кәсіби дағдыларды дамытуға көмектесіп қана қоймай, жеке және кәсіби өсуіме ықпал ететін жаңа мәдени ортаға енуге жол ашады. Васеда университетінде тағылымдамадан өту менің өмірімдегі маңызды кезең және мен осы уақытты тиімді пайдалануға бел байладым.
Әзиза Қабыш,
Қиыр Шығыс кафедрасының 4-курс студенті
Басқа жаңалықтар


