ҚазҰУ-да Иран мен Қазақстан ғалымдары кітаптарының тұсаукесері өтті

Фараби кітапханасында Шығыстың ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерделеу бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы үшжылдық бірлескен жобалар аясында дайындалған кітаптардың тұсаукесері өтті. Бұл кітаптар ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 19 маусымдағы Иран Ислам Республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша берілген тапсырмасына сәйкес дайындалды.
Аталған кітаптар Шығыс ойшылы, ғалым әл-Фарабидің еңбектеріне негізделген идеяларға сүйене отырып, иран мен қазақ халықтары арасындағы қарым-қатынас пен өзара түсіністік деңгейін кеңейтуге арналған.
Тұсаукесердің ашылу салтанатында ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Сәбит Суатай ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаевтың құттықтау хатын оқыды. «Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерделеу елдер арасындағы байланыстарды тереңдетудегі маңызды қадам. Ұлы ғалымның идеялары бүгінгі күнге дейін өзекті. Бұл кітаптар білімді сақтап қана қоймай, қос мемлекеттің мәдениетін терең түсінуге мүмкіндік береді. Делегациялардың кездесуі, мәдени іс-шаралар мен білім, ғылым саласындағы бірлескен жобалардың ұйымдастырылуы екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты одан әрі нығайтады», – делінген хатта.
Жоба жетекшісі, Иран Ислам Республикасы сыртқы істер министрінің кеңесшісі Сейед Али Моуджани өз сөзінде: «Жобаның басты міндеті – әл-Фараби мұрасы негізінде бүгінгі және болашақ ұрпақтардың идеалды қоғамның бейнесін қалыптастыра алатын қарым-қатынасын қамтамасыз етуге тырысу», – деді.
Жиынға Алматыдағы Иран Ислам Республикасының бас консулы міндетін атқарушы Бахман Ағарази, Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігі баспаханасының директоры Хабиболла Малакутифар, көрнекті қазақстандық ғалымдар, университет оқытушылары, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

