Қоғамның орнықты дамуы мен әл-ауқатына жаңа мүмкіндіктерFarabi University

Қоғамның орнықты дамуы мен әл-ауқатына жаңа мүмкіндіктер

13 наурыз, 2025

Қазір Қазақстанда энергетика саласы жақсы дамып келеді. Соның ішінде әлемде жоғары сұранысқа ие – атом энер­ге­тикасы. Атом энергетикасы елді ұзақ онжыл­дық­тар бойы тұ­рақ­ты, эколо­гия­лық таза және қолжетімді энергиямен қам­та­масыз етуге қа­білетті перспективалы шешімдердің бірі бола алады. Атом энергетикасының негізі – атом электр станциясы. АЭС басқа элек­тр стан­ция­ларынан бірқатар маңызды артық­шылықтарға ие. 

АЭС ауа райына қарамастан, элек­тр энергиясын үздіксіз беруді қам­тамасыз етеді. Атом электр стан­циялары парниктік газдарды іс жүзінде шығармайды. Бұл оларды климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды құрал етеді. Бүкіл әлем бойынша атом электр станция­ла­ры­ның ондаған жылдар бойы жұ­мыс істеуі 60 миллиард тоннадан астам көмірқышқыл газының шы­ға­рын­дыларын болдырмауға көмек­тес­ті. Электр энергиясын өндіруде көмір мен газға қарағанда отын аз мөлшерде пайдаланылады. Бұл атом энергиясын экономикалық және экологиялық тұрғыдан негіз­дел­ген таңдау ретінде ерекше­лен­діреді.

Экономикалық тұрғыдан қара­ған­да Қазақстанда АЭС құрылысы кезеңінде 8 мыңға жуық жұмыс орны және пайдалану кезеңінде 2 мың жұмыс орны ашылады. АЭС-тің әрбір қызметкері сабақтас сала­лар­да қосымша 10 жұмыс орнын құ­руды ынталандырады. Нәти­же­сінде атом станциялары салынатын аймақтар даму үшін жаңа серпін алады.

Қазіргі таңда Қазақстан әлем­де­гі ең ірі уран қорларына ие. Бұл еліміздің отын импортына тәуелді болмауына мүмкіндік береді. АЭС құрылысы энергетикалық тәуел­сіз­дік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, көрші елдерден электр энергиясын сатып алу қажеттілігін азайтады. Қазіргі заманғы үшінші буын реакторларында ерекше бел­сен­ді және пассивті қауіпсіздік жүйелері бар. Олар жер сілкінісі мен су тасқыны сияқты табиғи апат­тардан, сондай-ақ қабатты қор­ғаныс қабықтарының арқа­сын­да ішкі апаттардан қорғалған. Со­ны­мен қатар атом энергетикасында отынды қайта өңдеу техноло­гия­лары енгізілуде. Бұл қалдықтардың 90 пайызға жуығын қайта пай­да­лануға мүмкіндік береді, радиоак­тив­­ті қалдықтардың көлемін азай­тады.

Атом электр станциясын салу жобасы Қазақстан үшін маңызды стратегиялық жоба. АЭС құрылысы атом энергетикасы және ядролық физика саласындағы мамандарды даярлау үшін ынталандыру болады. Қазақстанда ядролық энергетика­мен байланысты білім беру бағдар­ла­м­алары мен ғылыми жобалар жұмыс істейді. Атом саласының да­муы ғылыми жаңалықтар мен инно­вацияларға жаңа мүмкіндіктер бере отырып, оған жас ғалымдар мен студенттерді тартады.

Атом энергетикасы – бұл электр энергиясының сенімді көзі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан үшін орнықты даму саласында көш­басшы болу мүмкіндігі. Эколо­гия­лық тазалық, экономикалық пайда, энергетикалық тәуелсіздік және жұмыс орындарын құру – осының бәрі атом электр станцияларын са­луды елдің болашағы үшін маңызды қадамға айналдырады. Бұл жоба Қазақстанға ағымдағы энер­ге­ти­калық проблемаларды шешуге және алдағы онжылдық­тарда ор­нық­ты даму үшін берік негіз құруға мүмкіндік беретін прогрестің қоз­ғаушы күші бола алады.

Қазақстан үшін атом энер­ге­ти­ка­сы – елдің энергетикалық қауіп­сіз­дігін нығайту және халықаралық деңгейдегі мәртебесін арттыру үшін маңызды қадам.

Айкен НҰРПЕЙІСОВ,

«Ядролық физика» мамандығының 1-курс докторанты

Мәулен НАСУРЛЛА,

 Ядролық физика институты

Төмен энергиялы ядролық реакциялар зертханасының меңгерушісі, PhD