АМАЛ МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!Farabi University

АМАЛ МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

14 наурыз, 2025

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері мен

білім алушы жастары!

Сіздерді Наурыз мейрамының басталуы – Амал мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Көктемнің алғашқы лебімен бірге жеткен Көрісу күні қасиетті Рамазан айымен қатар келіп, халқымыздың ырыс-ынтымағын еселеуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Амал келгенде амандық білісу – көне заманнан жалғасқан айрықша дәстүріміз. Қыстан шығып, шуақты көктемге аман жеткен ағайын осы күні бір-бірімен көріседі. Жастар үлкендерге сәлем беріп, қариялардың батасын алады. Халқымыз ежелден осындай ғұрыптар арқылы бауырмалдық пен жанашырлықты, татулық пен мейірімділікті дәріптеп, ұрпақтың бойына асыл қасиеттерді сіңіре білген. Мұның бәрі қазіргі Қазақстанның Адал азамат тұжырымдамасымен толық үндеседі», – деп атап өтті.

Амал мерекесі бүгінгі күні ежелгі әдет-ғұрыптарымызды жаңғыртып, төл мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналды.

Халқымыздың ынтымағын арттырып, ағайын-туыстың бірлігін нығайтты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті дәстүрлі «Наурызнама» онкүндігін өткізіп, мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарды жан-жақты насихаттауға өз үлесін қосады.

Мейірім мен ізгіліктің, береке мен бірліктің мейрамы – Көрісу күні әр шаңырақтың қуанышын еселеп, баршаңызды бақытқа бөлей берсін.

Сіздерге мықты  денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Ізгі ниетпен,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ