«Гендерлік теңдік: Қазақстандағы қазіргі жағдай және болашаққа бағдар» тақырыбында дөңгелек үстелFarabi University

«Гендерлік теңдік: Қазақстандағы қазіргі жағдай және болашаққа бағдар» тақырыбында дөңгелек үстел

13 наурыз, 2025

2025 жылдың 13 наурызында «Гендерлік теңдік: Қазақстандағы қазіргі жағдай және болашаққа бағдар» тақырыбында Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде өзекті мәселелер талқыланды. Дөңгелек үстелдің ұйымдастырушылары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының аға оқытушылары, әлеуметтану ғылымдарының кандидаттары И.С. Сарыбаева мен К.А. Авсыдыкова және «8D03101-Әлеуметтану» білім беру бағдарламасының 1 курс докторанттары Шакенов Д.С. мен Умбет Р.С. болды.

Дөңгелек үстелдің маңызды бөлігі ретінде студенттер 5 тақырыпта баяндамалар оқыды, олар:

  1. Гендерлік теңдік: жаһандық трендтер мен Қазақстандағы жағдай – Шәріпхан Жанерке;
  2. Әйелдердің білім алуы: ауыл мен қала арасындағы алшақтық – Қайыпназар Әсем
  3. Әйелдер кәсіпкерлігі: мүмкіндіктер мен қиындықтар – Амангелді Қарақат
  4. Гендерлік зорлық-зомбылықпен күрес: заңдар және олардың тиімділігі – Қуанышбаева Гүлназ
  5. Стереотиптер және олардың әйелдердің мансабына әсері – Жаңаева Ақбөбек

Баяндама барысында Қазақстандағы гендерлік теңдік мәселелері, әйелдердің білім алу, кәсіпкерлік саласындағы жетістіктері мен қиындықтары, гендерлік зорлық-зомбылықпен күрес жүргізу және стереотиптердің әйелдердің мансабына әсері туралы жан-жақты талқыланды. Студенттер өз баяндамаларында әйелдердің қоғамдағы орны мен мүмкіндіктерін талдап, гендерлік теңдіктің жүзеге асуындағы кедергілер мен оның маңыздылығын атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында келесі сұрақтар бойынша пікірталас өткізілді:

  1. Гендерлік теңдік тек әйелдер үшін маңызды ма, әлде бұл бүкіл қоғамға әсер ете ме?
  2. Қазіргі жастардың гендерлік көзқарастары бұрынғы буындармен салыстырғанда қаншалықты өзгерді?
  3. Гендерлік теңдік мәдени дәстүрлерге қарсы келеді деген пікірмен келісесіз бе? Неге?
  4. Қазақстанда қыздардың техникалық және инженерлік мамандықтарға түсуін қалай ынталандыруға болады?
  5. Әйелдерге мансап пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті табу үшін қандай саясат қажет?
  6. «Әйелдерге арналған мамандықтар» және «ерлерге арналған мамандықтар» деген ұғымдар әлі де өзекті ме?
  7. Ерлер мен әйелдер отбасылық міндеттерді теңдей бөлісуі керек пе? Әлде дәстүрлі модель тиімдірек пе?
  8. Заманауи кино мен жарнамаларда әйелдер қандай рөлдерде көбірек көрсетіледі?
  9. Гендерлік теңдікке байланысты қате түсініктер мен мифтер қандай?
  10. Танымал мәдениет (кино, музыка, әлеуметтік желілер) гендерлік теңдікке қалай әсер етеді?

Бұл сұрақтар бойынша қызу пікірталас өтіп, қатысушылар гендерлік теңдік мәселесін түрлі қырынан талқылады. Студенттер өз көзқарастарын ашық білдіріп, қазіргі қоғамдағы гендерлік теңдіктің маңыздылығын, мәдениет пен дәстүрлердің бұл мәселеге қалай әсер ететінін талқылады. Сонымен қатар, қатысушылар әйелдер мен ерлердің кәсіби және отбасылық міндеттерді теңдей бөлісуі, әйелдердің мамандық таңдауындағы теңсіздіктер және олардың мансаптық жолындағы стереотиптер туралы сұрақтар бойынша да пікір алмасып, өз ұсыныстарын білдірді.

Бұл дөңгелек үстел Тұрақты даму мақсаттарының 5-ші мақсаты – гендерлік теңдікті қолдау аясында маңызды қадам болып саналады. Қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, гендерлік теңдікті жақсартуға арналған саясаттарды және шараларды әзірлеу жолында бірқатар тың идеялар ұсынды.