Ғылымдағы қазақ тілінің дамуы талдандыFarabi University

Ғылымдағы қазақ тілінің дамуы талданды

20 наурыз, 2025

Фараби кітапханасында аса көрнекті ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Рақыш Сәтұлы Әмірдің 95 жылдығына арналған «Қазақ тілі коммуникативтік мәдени жүйеде: теориясы мен практикасы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

Ғылыми жиынға ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, алыс-жақын шетелдердің белгілі тіл мамандары және жас зерттеушілер мен студенттер қатысты.

Шара қазақ тілінің коммуникативтік мәдени жүйедегі орны, тілдік құбылыстардың теориялық және практикалық аспектілерін талдау және профессор Рақыш Сәтұлының ғылыми мұрасын жан-жақты талқылауға бағытталған.

Жиынды ашқан филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова: «Рақыш Сәтұлы – бар саналы ғұмырын ұстаздық пен ғылымға арнаған, ҚР білім-ғылымының дамуына зор үлес қосқан ұлағатты ұстаз. Қазақ тіл білімінде коммуникативті синтаксистің негізін қалаған көрнекті өкілдерінің бірі, жетпіс жылға жуық уақыт ғылыми-ағартушылық салада аянбай еңбек еткен ғалымның ғылымда салған ізі айқын, тіл біліміне, педагогикалық ғылымға қосқан үлесі ұшан теңіз», – деді.

Сондай-ақ ғылыми жиынға жиналғандар қазақ тіл білімінің   филологиялық парадигмалары, жоғары және орта мектептерде заманауи білім берудің әдіснамалық негіздері мен технологиялары,  цифрлық қазақ тілі, жасанды интеллект мәселелерін кеңінен талқылады. Шара пленарлық мәжіліс пен секциялық жиындарға ұласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі