Farabi University: ғылым, инновация, өндіріс интеграциясыFarabi University

Farabi University: ғылым, инновация, өндіріс интеграциясы

28 наурыз, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың

"Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген  мақаласы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Қазіргі заманда экономика инновацияға негізделуі керек екені сөзсіз. Біз ғылымды дамыту, соның ішінде қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге баса мән беріліп отыр», деп атап өтті. Сондай-ақ «Қазақстанда әлі күнге дейін бірде-бір ғылым қалашығы жоқ» екенін айта келе, «Үкімет осы бастаманы жан-жақты зерделеп, тиісті заң дайындауы керек» деп нақты тапсырма берді.

Ғылымды қажет ететін аумақ­тарды құру – бүгінгі заман талабы. Маман­дандырылған ғы­лыми-техно­логия­лық аймақтар ғы­лыми ұйымдарды, кәсіпорындарды және инновациялық стартаптарды біріктіреді. АҚШ-тың Стэнфорд университетінің негізінде құрылған «Силикон алқабы», Кембридж ғылыми паркі (Ұлыбритания), Гуанч­жоу ғылыми қалашығы (Қытай) ұлттық инновациялық жүйелерді дамытуда өз тиімділігін көрсетті. Сондық­тан әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Инно­вациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының шекарасына қосылуды мақсат етіп отыр. Бұл біздің университетке Алматы қала­сының инновациялық экожүйесіне интеграциялануға және ғылыми әзірле­мелерді коммерцияландыруға, бастысы – ғылыми қалашыққа айналуға зор мүмкіндік береді. Студенттер үшін білім мен тәжірибені ғылыммен қатар алып жүруге жол ашылады. Кәсіби білік пен іскерлік дағдылары қалыптасқан мамандар өндіріс орындарының жоға­ры сұранысына ие болады. Бастысы – ғылыми-технологиялық аймақтарға бірігуге QS халықаралық рейтингінде 163-орынды иеленген ҚазҰУ-дың жа­ңар­­ған техникалық базасы мен зерт­­теу әлеуеті жеткілікті. Бұған универ­ситет базасындағы жаңадан ашыл­ған Суперкомпьютер кластері, Робот­техника және мехатроника бойынша компетенция орталығы, «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары тех­нологиялық жобалар орталығы, «Қа­шықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» зертханасы, «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайда­лану» ғылыми орталығы, Орталық Азия­­дағы тұрақты даму орталығы, «Farabi chem science» кластері, «Chemical Coatings Innovations» химиялық ғылыми-өнді­ріс­тік орталығы жарқын мысал бола алады.

 

Суперкомпьютер кластері

2019 жылы 11 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында Қазақ­стан­ға суперкомпьютер әкелу туралы үкіметаралық келісім жасалды. 2024 жылы 3 шілдеде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары кезінде Мемлекет басшысы шағын құрамда келіссөздер жүргізіп, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Сол кездесудің нәтижесінде «Qingdao Aucma Import & Export Co» компаниясы ҚазҰУ-ға суперкомпьютер жеткізетін болып шешілді. Көп ұзамай Орталық Азиядағы қуаты ең жоғары суперкомпьютер оқу орнында орнатылды.

Суперкомпьютер кластері Қазақстан­ның жаһандық аренадағы бәсекеге қабі­леттігін арттырып қана қоймай, отандық инфрақұрылымды дамытуға септігін тигізеді. ІТ және жасанды интеллект саласында білікті кадрларды даярлауға мол мүмкіндік береді. Мамандардың есептеу техникасы саласында қолын ұзартады. Ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен дәлдігін арттырып қана қоймай, ғылыми зерттеулерге кететін уақытты әлдеқайда қысқартады.

рн

Суперкомпьютердің құрамында генетикалық деректерді кешенді өңдеуге арналған қолданбалы бағдарлама бар. Мұнда реттілік деректерді алдын ала өңдеуден бастап, геномдық тізбекті талдауға дейінгі жұмыстар атқарылады. Бұл бағдарлама генетикалық деректермен жұмыс істейтін ғалымдар үшін өте қажет. Яғни геномдық зерттеу үдерісін жеңілдетеді және жеделдетеді.

Суперкомпьютердің өнімділігі – 2000 терафлопс. Әлемдегі үздік 600 супер­компьютердің бірі. Архитектурасы Intel және NVIDIA компаниялары­ның процессорларынан құралған, қуа­ты ең заманауи дербес компьютерден 10 мың есе артық. Қазіргі қолданыстағы компьютерлердің ондаған жыл бойы орындайтын есептерін бір сағатта шешуге қабілетті.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан қазақ тіліне арналған үлкен тілдік моделін (LLM) әзірлеуде де суперкомпьютердің қуаты мен мүмкіншілігі кеңінен пайдаланылуда.

ап

Сонымен бірге Алматы қаласының «Smart City» жобасының бейнемони­торинг жүйесі мен ситуациялық орта­лығының деректерін жинауға қолайлы. Еліміздің зерттеушілері ҚазҰУ супер­компьютерінің есептеу қуатын кли­маттық модельдеу, машиналық оқыту­дың озық алгоритмдерін әзірлеу, «Big Data» және жасанды интеллект салаларында да пайдалана алады.

Суперкомпьютерді қолдануға елі­міз­дің бірқатар министрлігі қызығу­шылық танытты. Барлық жоғары оқу орнын осы машинаның есептеу әлеуетін бірлесе пайдалануға шақырамыз.

 

Роботтехника және мехатроника бойынша компетенция орталығы

Қазақстан Президенті 2019 жылы «Алтын сапа» сыйлығын тапсыру салтанатында: «4.0 индустриясы отандық өнеркәсіпті жаңғыртудың өзекті әрі маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағытта кәсіпорындарды цифрландыру бойынша қанатқақты жобалар жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, технологиялық дамудың қазіргі деңге­йінен «ақылды өндіріс» деңгейіне көшу қамтамасыз етілуге тиіс, яғни өндіріс толық автоматтандырылуы және роботтандырылуы қажет», деп атап өткен еді. Осы тапсырмаға сәйкес, 2024 жылы ҚазҰУ-да Роботтехника және мехатроника бо­йынша компетенция орталығы құрылды. Германияның алдыңғы қатарлы «KUKA» компаниясының роботтарын алу бойынша келісімдер жүргізіліп, былтыр оқу орнына арнайы жеткізілді.

Орталық «Өнеркәсіп-5.0» жүйесінде жұмыс істейтін кәсіби кадрларды даярлап, өндірісті автоматтандыру, цифр­ландыру бағытында қызмет көрсетуді көздейді. Сондай-ақ стартаптарға тех­но­логиялық операцияларды роботтандыру тұжырымдамаларын зерделеу, көрсету және сынау үшін бірегей алаң ұсынады. Бүгінгі таңда «Аstana Motors Manufacturing Kazakhstan» және «Hyundai Trans Kazakhstan» сияқты өнеркәсіптік компаниялармен келісім жасалған. Уағдаластық бойынша өнді­ріс орындарының қызметкерлері орта­лық­та біліктілігін арттырып, тәжірибе жинақтайды.

 

 

«Farabi hub»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылы 7 қараша­да жеке қабылдап, білім сапасын жақсар­ту, еліміздің дамуына ғылымның қоса­тын үлесін арттыру және университет қалашығын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған сәйкес, «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы аясында бой көтерді.

Хабтың мақсаты – озық білімге, тех­нологиялар мен ресурстарға қол жет­­кізуді қамтамасыз ете отырып, ғылы­ми әзірлемелер мен технологиялық идея­лар­­ды нақты экономикаға енгізуді жеделдету.

«Farabi Hub» университеттермен және ғылыми институттармен, сондай-ақ инвестор компаниялармен әріптестік байланыс орнатады. Бірлескен зерттеу­лер жүргізіліп, жаңа технологиялар әзірленеді.

Соңғы үлгідегі құрылғылармен жаб­дықталған ғылыми зертханалар ғылым мен технологияның әртүрлі салаларын­да зерттеулер жүргізіп, тәжірибе жасауға мүмкіндік береді. Креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды жүзеге асырады. Мұнда ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорациясы, Францияның жетекші мемлекеттік ғылыми мекемесі CNRS және басқа шетел­дік компаниялардың орталықтары, уни­верситет базасындағы ғылыми зерт­теу инс­титуттары орна­лас­қан. Бұған қо­сымша коворкинг алаң, конференц-зал, фуршет залы, кофехана жұмыс істейді. «Farabi Hub» орталығының жалпы ауданы 5000 шаршы метрді құрайды.

 

«Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» зертханасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев университет ғылымын және инфрақұрылымын дамыту қажеттігін үнемі назарда ұстап келеді. Тапсырмаға сәйкес, «Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы 2024 жылдың нау­рыз айында ашылды. Қытай Ғылым академиясының Экология және география институтымен бірлесіп құрыл­ған орталықта қашықтықтан зондтау арқылы спутниктік және геокеңістіктік талдаудың озық әдістері пайдаланылады. Яғни мұндағы ғалымдар Орталық Азиядағы климаттың, экологияның өзгеруі, құр­ғақшылық, жердің деградациясы, су ресурстарының тапшылығы және Каспий теңізі деңгейінің төмен­деуі сынды құбылыстарға сараптама жүргізеді.

Зертхананың негізгі мақсаты – қор­шаған ортаның жай-күйін бағалау және болжамдық модельдерді дайындайтын ғылыми платформа қалыптастыру.

пр

Дәстүрлі зерттеу орталықтарынан айырмашылығы – спутниктік кескіндерді, жердегі өлшемдерді және ұшқышсыз ұшу аппараттарынан алынған дерек­терді біріктіре отырып, өңдеудің мульти­платформалық технологияларын қолда­нады. Бұл табиғи үдерістердің алдын алуға және аймақтың экологиялық жағдайына әсер ететін негізгі факторларды анықтауға мүмкіндік береді.

Өйткені қазіргі таңда еліміз кешенді және жүйелі көзқарасты талап ететін күр­делі экологиялық және эконо­ми­ка­лық қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Экономиканың барлық секторына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – жаһандық климаттың өзгеруі. 2050 жылға қарай маусымдық кезеңнің басталуы кем дегенде 10 күнге ауысады деп күтілуде. Сондай-ақ құрғақшы­лық пен аяздың жиілігі артады. Бұл аграрлық сектор мен жалпы экономика үшін қосымша қиындықтар тудырады. Климаттың өзгеруі жағдайында суды үнемді жұмсау маңызды бола түседі. Атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, топырақтың ластануын, әсіресе мұнай өнеркәсібі дамыған аймақтарда жердің құнарлылығын қалпына келтіру шұғыл шаралар қабылдауды қажет етеді.

Осы ретте қашықтықтан зондтау технологияларын қолдану ауыл шаруашылығы алқаптары мен ландшафттардың жай-күйінің өзгеруін дәлірек бақылай алады. ҚазҰУ ғалымдары табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың инновациялық шешімін қарастырып, «Құрғақ климатты аймақтардағы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы» ұсынысын әзірлеп отыр. Жоба бойынша тамшылатып суару әдісі қолданылып, өсімдіктерді күндіз ыстықтан, түнде суықтан қорғай­тын «Groasis Waterboxx» құрылғысы орна­тылған «ақылды» жылыжайлар салу көзделеді. Онда топырақтың, ылғалдың және температураның мөлшері автоматты түрде басқарылып, ылғал ұстап тұратын қоспалар пайдаланылады.

Бүгінгі таңда физика-техника­лық, химия және химиялық технология, био­логия және биотехнология факультеттерінің ғалымдары судың шығы­нын реттейтін және оңтайлы микро­климатты сақтайтын мониторинг жүйелерін әзірледі. Университеттің «жасыл» технологиялар саласындағы әзірлемелері жылыжайлар мен ауыл­шаруашылық нысандарын тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ҚазҰУ ғалымдары «Plant Factory» (өсімдіктер фабрикасы) қағидаты бойынша энергия үнемдейтін жылыжайды сәтті сынақтан өткізді. Көкөніс, жидек және басқа дақылдарды топырақсыз, жасанды ортада – қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіру әдісін енгізді.

Осы зерттеулер мен ізденістер нәтижесінде «Құрғақ климатты аймақ­тардағы ауыл шаруашылығының тұрақ­ты дамуы» жобасы дайындалды. Артық­шылығы – суды тұтынуды 30 пайыз­ға дейін азайтып, өнімділікті 15-20 пайызға арттыруға және ғылыми-техни­калық базаны жетілдіруге ықпал етеді. Алайда бастаманы одан әрі дамыту үшін мемлекеттік деңгейде қолдау қажет. Салалық министрліктердің, әкім­діктердің, ғылыми орталықтар мен жеке бизнестің ресурстарын жедел біріктіруді қажетсінеді. Сонымен қатар қанатқақты жобаны енгізуге арналған нақты аумақтарды анықтап, қажетті қаржыландыруды қамтамасыз ету керек. Ғалымдар, инженерлер, агрономдар мен экономистерден құралған пәнаралық жұмыс тобы құрылуға тиіс.

Мұндай кешенді тәсіл ауыл шаруа­шылығын қысқа мерзім ішінде жаңа дең­гейге көтереді. Ұлттық азық-түлік қауіп­сіздігін нығайтады. Қазақстанды ғы­лым мен инновацияны тұрақты бола­шақ үшін қолданатын мемлекет ретін­де халық­аралық аренада танытады. ҚазҰУ пилоттық алаңдарды іске қосу мен оларды еліміздің құрғақ климатты өңір­­лерінде кеңейтуге қатысты егжей-тег­­жей іс-қимыл жоспарын ұсынуға дайын.

 

«Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы

«Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» зертханасында алынған спутниктік деректерді әрі қарай зерттеу Тұрақты даму және қоршаған ортаны басқару ғылыми зерттеу орталығы­ның базасында жүргізіледі. Бұл талдаулар Қазақ­станның экологиялық және эко­номикалық міндеттерін шешуге бағыт­тал­ған. Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына сәйкес келеді, онда су тапшылығы қаупін барынша азайту, ауаның сапасын жақсарту, биоәртүрлілікті сақтау және басқа мақсаттар қойылған.

«Тұрақты даму және табиғатты ұтым­ды пайдалану» ғылыми орталығы құ­ра­­мына Тұрақты даму мақсаттарын іске асыратын 10 инновациялық зертхана кіреді. Ғылыми орталық климат және модельдеу, цифрлық картогра­фия және қолданбалы геодезия, «GlobalSky» (атмосфералық зерттеулердің инно­ва­циялық зертханасы), тұрақты туризм, су ресурстарының сапасын тал­дау бағытында жұмыс істейді. Соны­мен қатар ландшафттардың деградация­сын геоақпараттық талдау, гео­де­мографиялық және әлеуметтік-эко­но­микалық зерттеулер, экология­лық қауіпсіздік, топырақ экологиясы, қор­шаған ортаны бақылау шараларын іске асырады.

Орталықтың негізгі мақсаты – қор­шаған ортаның жаһандық өзгеруі жағ­дайында табиғат пен қоғамның өзара іс-қимыл заңдылықтарын анықтау, Қазақстан өңірлерін тұрақты дамыту мақсатында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша жасыл технологияларды әзірлеу және енгізу.

Негізгі зерттеулердің ішінде: гео­жүйе­лердің, топырақтың, рельефтің және ландшафттардың табиғи және антро­погендік динамикасы, табиғатты қорғаудың ғылыми негіздерін әзір­леу, тұрақты дамудың аймақтық ерекше­ліктері, геоақпараттық технологиялар және картаға түсіру сияқты бағыттар бар.

Орталық ғалымдары биыл Батыс Қазақстан өңірінің климаттық өзгерісі туралы 60-тан астам карта әзірлеп шығарды. Соның ішінде Қазақстанның батыс аймағындағы ландшафттардың бұзылу картасы дайындалды. Аталған карта елімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр. 323 көлге және су ресурстарына кешенді талдау жасалды. Сол арқылы маңызды аймақтардағы су деңгейі анық­талды. Сондай-ақ Каспий теңізі деңгейінің динамикасына және топырақ сапасына мониторинг жүргізіліп, жерас­­ты суларын бағалаудың әдістемелік негіз­дері әзірленді.

ҚазҰУ ғалымдарының сараптамасы бойынша, 30 жылға дейінгі мерзімге әр аймақтағы климаттың өзгеруінің болжамын әзірлеу аса қажет. Себебі жалпы республикалық болжам болғанымен, аймақтық және әр облыстағы су бассей­нінің жергілікті ерекшеліктерін, ресурс­тарын және экономикалық қызметтің басым бағыттарын ескеретін егжей-тегжейлі іс-қимыл картасы жоқ. Бұл карта Батыс Қазақстан облысы мен Жайық өзені бассейніне алғаш рет жасалды.

ҚазҰУ-дың «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығының филиалы өткен жылы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде ашылды. Университет тек тұрақты даму саласында зерттеулер жүргізіп қана қоймай, өз тәжірибесін өңірлік жоғары оқу орындарымен бөлі­суде. Орталық зертханалары жүр­гізіп жатқан зерттеулермен https://ecokazwest.kz/labs сайтынан танысуға болады.

 

Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығы

2024 жылы 3 шілдеде екі мемлекет басшылары «2025 жылы Қазақстанда Қытай туризмі жылын өткізу» туралы шешім қабылдады. Осы мақсатта жұмыс істеу үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қытайдың Гонконг политехникалық университеті бірлескен хаб ашуға келісті. Көп ұзамай өткен жылдың қараша айын­да жаңа орталық қызметіне кірісті. Атаулы жыл туристер легінің артуы мен шетелдік инвестициялардың келуіне мүмкіндік ашары сөзсіз. Бұл заманауи цифрлық шешімдерге, білікті мамандарға сұранысты күшейтеді. Туристік өңірдің әлеуметтік-экономикалық мүмкіншілігі мен әрі қарай дамуын терең зерттеу қажеттілігі туындайды. Осы мақсатта құрылған орталық туризм саласын цифр­­ландыру және тұрақты дамыту жол­­дарын қарастыруда. Туристер легін жос­парлау мен басқарудың озық тәсіл­де­рін меңгеру, қонақ күту индустриясында жасанды интеллектіні (AI) қолдану тәжірибелерін арттырды. Қазіргі сәтте туризм секторын цифрлық трансформациялау бойынша ұсыныстар қамтылған алғашқы сараптамалық материалдарды дайындап үлгерді. Тиісті мемлекеттік органдарға жолдауға дайын.

Орталық бірнеше негізгі бағытқа назар аударып отыр. Біріншіден, туризм саласындағы зерттеулер мен білім беру жобалары, оған турис­тер легін басқару, білікті кадрларды даяр­лау, цифрлық сервистерді енгізу және аумақтарды жоспарлау меха­низмдері жатады. Соның ішінде «Big Data» мен геоақпараттық технологияларды пайдалану да кіреді. Екіншіден, әлеуметтік саясат пен әлеуметтік жұмыс мәселелері. Туризмнің қарқынды өсуінің жергілікті тұрғындар тұрмысына әсері зерделеніп, инфрақұрылымды бейімдеу, жұмыспен қамтуды бас­қару және халықтың өмір сүру дең­гейін арттыруға арналған шаралар ұсы­нылады. Үшіншіден, туристік индус­трия дамуының экономикалық қыр­­ларымен қатар, мәдени, әлеуметтік және экологиялық салдары де талданады.

Алдағы уақытта орталық төрт ірі ғылыми-зерттеу жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Олардың екеуі туризм мен қонақжайлылық саласына, ал қалған екеуі әлеуметтік саясат мәсе­лелеріне арналмақ. Сонымен қатар туризм мен әлеуметтік салаға жаңа мамандар даярлауға бағытталған ауқымды білім беру бағдарламасы әзірленуде. Сала басқаруына тартылған мемлекеттік қыз­метшілер үшін біліктілікті арттыру курстарын өткізу жоспарлануда.

Туризмді цифрлық трансформация­лау әлеуетін арттыруға қосымша ресурс ретінде «Қазақстан туризмін бас­қарудың ұлттық цифрлық экожүйесі» атты қосымша бастама қызмет етпек. Бұл бастаманың мәні – туристер легін нақты уақыт режімінде басқаруға, сая­хатшылардың талғамын талдауға және инфрақұрылым дамуын үйлестіруге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық платформа құру. Осы платформаның негізінде кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар сұранысты болжау, маркетинг жүргізу және инвестиция тарту құралдарына қол жеткізе алады. Жобада жасанды интеллект пен геоақпараттық технологияларды қолдану жоспарланған. Бұл туристік нысандарды орналастыру мен дамытуға байланысты шешімдердің тиімділігін арттырып, ең жиі баратын орындарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Гонконг политехникалық универ­ситеті орталықтың қызметіне 126 миллион теңге инвестиция бөлді. Қазір­дің өзінде ғылыми және білім беру бағ­дар­ламаларын іске қосуға қажетті берік ғылы­ми-қаржылық негіз бар екенін айту­ға болады.

Азиядағы Тұрақты даму орталығы алдағы уақытта туризмді дамытудың за­манауи стратегияларын әзірлеуге арнал­ған интеллектуалдық платформа ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік сая­сат саласында мемлекеттің сенімді әріп­тесіне айнала алады. Қонақ күту мен аумақ­ты басқару салаларындағы білімді, цифр­лық шешімдер мен әлеуметтік зерт­теулерді ұштастыра отырып, туристік белсенділіктің артуына байланысты туын­­дайтын сын-тегеуріндерге кешенді түрде жауап беруге мүмкіндік береді. Орталықты дамыту бастамасына мемлекет қолдау білдіреді деп үміт артамыз.

 

«Farabi chem science» кластері

Құрамына тоғыз ғылыми зертхана кіретін «Farabi chem science» кластерінің мақсаты – экология, энергия көздері, дәрілік химия, мұнай химиясы және энергияны көп қажет ететін материалтану салаларында зерттеулер жүргізу және жаңа шешімдер әзірлеу.

«Farabi chem science» кластері жаңа зертханалармен жабдықталып, Физика-химиялық зерттеулер мен тал­дау әдіс­тері орталығы және Жаңа химия­лық технологиялар мен материалдар ғылыми-зерттеу институтының базасында жасалған зертханалармен де толық­тырылды. Мәселен, аналитикалық химия және қоршаған орта зертханасы, Электрохимиялық өндіріс технологиялары зертханасы, Мұнай химиясы зертханасы, Химиялық-медициналық зертхана, Ұсақ органикалық синтез зертханасы, Энергияны көп қажет ететін ­наноматериалдар зертханасы, Озық материалдар зертханасы және «Chemical Coatings Innovations» ғылыми-өндірістік орталығы. Сондай-ақ «AlemTrade» демеу­шілігімен ұйымдастырылған Мате­риалдарды жоғары дәлдіктегі диагностикалау зертханасын да атап өткен жөн.

Ғылыми зертханалар қоршаған ортаны ластаушы заттарды анықтауға және талдауға, химиялық қуат көздері үшін жаңа материалдарды әзірлеуге, мұнай химиясы саласында терең зерттеулер жүргізуге, отандық биомедициналық препараттар мен бактерияға қарсы қор­ғаныс жабындарын өндірудің оңтайлы әдістерін дайындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар металл және ағаш конс­трукциялары үшін отқа төзімді жабындарды жасау, ерекше қасиеттері бар бейорганикалық материалдардың жаңа түрлерін зерттеу, заттар мен материалдарды сандық және сапалық талдау бойынша қызметтерді орындауға бағытталған.

Мұнда ғалымдардың еркін жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалып, зертханалар соңғы үлгідегі құрал-жаб­дықтармен жабдықталған. Қазақ­стан Республикасы Ғылым және жо­ғары білім министрлігінің грант­тық және бағдарламалық-нысаналы қаржы­лан­дыру жобалары және демеу­шілік субсидияларды іске асыру шең­берінде сатып алынған жаңа техниканың құны 1 млрд теңгені құрайды.

Бұл зертханалар оптика және электроника сияқты алдыңғы қатарлы салаларда сұранысқа ие литий трибораты (LBO) негізіндегі қымбат жасанды кристалдарды өсіру технологияларын әзірледі. Натрий-иондық және магний-иондық аккумуляторлар үшін жаңа материалдар әзірленді, дәстүрлі литий-иондық батареяларды алмастыра алады. Немістің «Lanxess» фирмасымен, ресейлік «Сибур» және польшалық «Synthos» фирмаларымен бірлесіп нитрил бутадиен каучугін гидрлеу үшін жаңа катализаторлар жасалды.

Жақында ғана ашылған универ­ситеттің гальваникалық цехында халық­аралық стандарттар бойынша шыға­рылатын әртүрлі мақсаттағы коррозияға қарсы, сәндік, тозуға төзімді, ыстыққа төзімді және басқа жабындар жасау үшін электрохимиялық технологиялар кешені әзірленді. Сондай-ақ табиғи тас­тан беріктігі жағынан жоғары және құрылыс пен өнеркәсіпте кеңінен қолданылатын полимерлі композиттерді алудың технологияларын сәтті әзірлеп, өнеркәсіп­ке енгізді. Ал медицина саласында про­фессорлық-оқытушылық құрам Қазақстаннан алынған син­те­ти­ка­лық және өсімдік шикізаты негізіндегі оншақты дәрі-дәрмектің, соның ішінде жаралар мен күйіктерді тиімді емдеуге арналған полимерлі гидрогельдер негізіндегі инновациялық маскалар мен таңғыштарды жасағанын мақтан тұтады. Хирургиялық тігістер мен импланттар үшін бактерияға қарсы жабындарды жасаудың маңызы зор. Шетелдік аналогтардан анағұрлым тиімді, сонымен қатар үш есе арзан. Жаппай қолдануға қолжетімді және елдегі медициналық қызметтердің сапасын жақсартады. Бұдан бөлек, ғылыми орталықта білім алушы жастар біліктілігін жетілдіріп, стартап жобаларын іске асырып, мол тәжірибе жинақтайды.

 

«Chemical coatings innovations» химиялық ғылыми-өндірістік орталығы

«Ғылым қорыс АҚ қолдауымен ҚазҰУ базасында құрылған «Chemical coatings innovations» ғылыми-өндірістік орта­лығы – гальваникалық және қолдан­балы электрохимия саласында Қазақстан­дағы көшбасшылардың бірі. Орталық­тың электропластиналық шеберханасы бар. Оның ішіне сапаны бақылау және технологиялық әзірлеу зертханасы, сондай-ақ кәдесыйлар шығару және қайта қалпына келтіру шығармашылық шеберханасы кіреді. Ғылыми-өндірістік орталық композициялық және дәстүрлі металл жабындарын қолданудан металдарды өңдеудің жаңа технологияларын әзірлеуге дейінгі қызметтердің кең спектрін ұсынады. Коррозияға төзімді өздігінен емдейтін жабындарды жасау сияқты жаңашыл шешімдерге ерекше назар аударылады.

Гальваникалық қаптамаларды алу – егжей-тегжейлі зерттелген ғылыми про­цесс. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыс­тар үнемі жүргізілуде, өйткені ғылыми-техникалық прогресс материал­тануда жаңа шешімдерді қажет етеді. Айта кетерлігі, Қазақстанда гальваникалық цехтар аз және тұтынушылардың қажет­тіліктерін қанағаттандыру үшін галь­ваникалық технологияларды әзірлеумен айналысатын ұйымдар іс жүзінде жоқ. Бұл көптеген өндіріс түрінің дамуын тежейді. Олқылықтың орнын толтыру үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінде «Химиялық жа­бындар инновациялары» ғылыми-өнді­рістік орталығы құрылды. Алғашқы ірі тап­­­сырысты ҚТЖ мен француздық «Alstom» темір­жол алпауытының енші­лес кәсіпорны «KazElectroPrivod» берді. «KazElectroPrivod» БК» ЖШС халық­аралық стандарттарға және «Alstom» талап­­тарына сәйкес, қорғаныш жабындарын қолдану технологиялары мен қызметтерін алу үшін электрохимиялық техно­логиялардың тұтас кешені бар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарына жүгінді.

Қазір ғылыми өндірістік орталық басқа тұтынушылардың тапсырыстарын орындауда.

«ZTE» зертханасы

Қазіргі сәтте «ZTE» компаниясы менеджмент және сараптама бағыттары бойынша оқыту мен сертификаттау­ды бастап кетті. Бірлескен зертхана ультра жылдамдықты платформалар, көп­жиілікті жүйелер, жасанды ин­тел­лект технологиялары, ультра кең­жо­­лақты антенналар және басқа да озық әзір­лемелермен қамтылған. Бұл құ­рал-жабдық жоғары өнімділікті, тө­мен кідірісті және деректерді берудің сенім­ділігін қамтамасыз ететін 4G және 5G желілерін құру үшін қолданылады.

Сонымен қатар орталық оқытушы­лар мен студенттердің тағылымдамадан өтуіне жол ашады. Оқуын аяқтағаннан кейін түлектерге халықаралық стандарт­тарға сәйкес келетін сертификат табыс­талады.

«ZTE 5G» технологияларын әзірлеу және коммерциялау бойынша әлемдегі көшбасшы болып табылады. Компания өнімдері мен қызметтері әлемнің 160-тан астам елінде ұсынылған. «ZTE» телеком­муникациялық жабдықты ұсынып қана қоймайды, сондай-ақ тұтынушылық элек­троника, соның ішінде смартфондар саласында бәсекеге қабілетті. «ZTE» теле­­фондарының бірнеше модель­дері жа­һандық нарықта жоғары сұранысқа ие.

 

Криофизика және криотехнология зертханасы

Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауларында денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қабылдауды және барлық медицина мекемелерін заманауи құрал-жабдықтармен толық жарақтандыруды ұдайы еске салып отырады. Физика-техникалық факультетінің Криофизика және криотехнологиялар зертханасы­ның «Мобилді төмен температуралы термотұрақтандырғыш» құрылғысын жасау бастамасы осы тапсырмаларға негізделген. Қазақстан Республикасы­ның ұзақ мерзімді даму мақсаттарына, Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырым­дамасына сәйкес келеді.

Мобилді криобоксы биология­лық белсенді препараттарды қашық­қа тасы­малдауға және сақтауға арнал­ған. Сондай-ақ вакциналар, тін үлгі­лері, дәрі-дәрмектер және басқа да био­­логиялық материалдардың сақ­талуын қамтамасыз етеді. Бұл ден­саулық сақтау ұйымдары, төтенше жағ­дай­лар министрліктері, экологиялық құрылымдар және Қазақ­станның ғылыми зерттеу институттары үшін ерекше маңызды. Өйткені биологиялық материалдарды салқындату және тасымалдау үшін құрғақ мұзды пайдалану жиі қолданылатын әдіс болға­нымен, оның бірқатар кемшіліктері бар. Біріншіден, құрғақ мұздың құны жоғары. Екіншіден, құрғақ мұз әрдайым қажетті температуралық режімді қамтамасыз ете алмайды. Температуралық режім­нің сақталмауы биологиялық материал­дардың бұзылуына әкелуі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін сұйық азот негізінде жұмыс істейтін мобилді криотермо­бокстарды пайдалану ұсынылады. Сұйық азот өте төмен температураларды (-196 °C) сақтай алады. Оның үстіне сұйық азотты өндіру кез келген ірі қалада қол­жетімді.

Сонымен қатар мобилді криотермостабилизаторды әзірлеу криогендік технологиялар саласындағы заманауи тенденцияларға сай келеді. Меди­цина, биотехнологиялар және экология сияқты әртүрлі салаларда белсенді түрде енгізілуде. Бұл тек биологиялық материал­дар­ды тасымалдау тиімділігін арттырумен шектелмей, сонымен қатар еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Криогендік жаб­дық нарығына инновациялық шешім­дерді енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Артықшылығы – үнемділік, шетелдік қымбат баламалардан бас тартуға мүм­кін­дік береді. Жабдық сыртқы энергия көз­дерін қажет етпейді. Құрылғыны қол­дану үшін оператордың тұрақты қатысуы қажет емес.

Термотұрақтандырғыштың жұмысы сұйық азот буын қолданатын салқын­дату жүйесіне негізделген. Салқындату үдерісі сұйықтан газға өтетін фазалық ауысу нәтижесінде жүреді. Жұмыс заты ретінде сұйық азот қолданылады, ол буланған кезде газ тәрізді азотқа айналады. 1 литр сұйық азот буланғанда шамамен 720 литр газ тәрізді азот пайда болады.

ҚазҰУ базасында бұдан бөлек, «Орталық Азияны зерттеу жөніндегі архео­зоологиялық орталық – ZooStan» алғашқы қазақ-француз ғылыми орта­лығы, BASF бірлескен зертханасы, Сот сараптама орталығы, Дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу өндірісі, «Farabi» заманауи обсерваториясы, Ми институты сияқты ірі орталықтар жұмыс істейді. Сегіз ғылыми зерттеу институты, 140 зертхана тіркелген. Оның отызға жуығы соңғы бір жыл ішінде ашылды. Бүгінгі таңда 372 ғылыми жоба орындалуда. Ғылымнан түскен табыс 2021 жылы 2782,1 млрд теңге болса, 2025 жылы 12 662,5 млрд теңгеге өсті.

Жас ғалымдардың өмір сүру жағ­дай­ларын жақсартуға бағытталған мем­­ле­кеттік қолдау да маңызды рөл атқарады. Соңғы бір жылда 12 жас ғалым Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан жаңа пәтер кілтін алды.

Көшбасшы университет ғылыми қызметтің беделін арттырып, иннова­циялық инфрақұрылымды дамыту­ды, бизнеспен ынтымақтастықты кеңей­туді және жас кадрларды қолдауды жал­ғастыра береді. Алдағы уақытта қазақ­стандық жоғары оқу орындары ара­сындағы ең ірі технопарк, инновациялық хаб және жасанды интеллект орталығын салу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар ғылыми зерттеу оқу орнының әлеуетін айтарлықтай нығайтады. Озық ғылы­ми әзірлемелер мен инновацияларды ком­мерцияландыруға қолайлы жағдай жасайды. Университеттің академиялық беделін өсіріп, оның халықаралық рейтингтердегі пози­ция­сын нығайтады. Жетекші ға­лым­дар мен студенттер санын арттырып, өн­дірістік және мемлекеттік органдармен серіктестікті кеңейтеді.

Технопарк пен инновациялық орта­лық стартаптарды дамытуға және әлемдік еңбек нарығындағы түлек­­тердің бәсекеге қабілеттілігін арт­ты­руға ықпал етеді. Қазақстан үшін мұндай нысандарды құру ғылыми-тех­никалық прогресті жеделдетуге, жоғары технологиялық салаларға инвестиция тартуға және инновациялық экономиканы қалыптастыруға мүм­кін­дік береді. Сондай-ақ жасанды интеллект орталығы цифрландыру және әртүрлі салаларды зияткерлік түрлендіру бо­йынша мем­лекеттік бас­тамаларды қолдап, цифр­­­лық технологияларды дамытуға үлес қосады. Ал бұл жобаларды жүзеге асыру ғылым, техника және экономика, сондай-ақ университет қызметін дамытуға жасалған стратегиялық қадам болары сөзсіз.