Менеджмент және тұрақты дамуға арналған аудиториялар ашылдыFarabi University

Менеджмент және тұрақты дамуға арналған аудиториялар ашылды

9 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Менеджмент кафедрасының бастамасымен «Менеджмент және бизнес-білім беру» орталығы аудиториясы және Экономика кафедрасының ұйымдастыруымен Тұрақты даму мақсаттарына арналған аудитория ашылды.

Бұл бастамалар «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы тұрақты экономикалық даму парадигмасы: сын-қатерлер, салдар, мүмкіндіктер» атты III халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында іске асырылды.

Жаңа аудиториялардың тұсаукесеріне ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Марғұлан Ибраимов қатысып, «Бүгінгі аудиториялардың ашылуы ҚазҰУ-дың еліміздің жетекші университеті ретінде білім беру, ғылым және өндіріс арасындағы интеграцияны нығайту жолындағы ілгері қадам. Бұл бастама ғылыми-зерттеу жұмыстары мен практикалық тәжірибені тиімді ұйымдастыруға оң ықпал ететіні сөзсіз», – деп атап өтті.

Жаңа аудиториялар заманауи технологиялармен жабдықталып, студенттер мен оқытушыларға ТДМ шеңберіндегі білімді терең меңгеруге, менеджмент, жобаларды басқару және стратегиялық жоспарлау бағыттарында тәжірибелік дағдыларды қалыптастыруға, ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға және тұрақты даму идеяларын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде сөз алған Экономика және бизнес жоғары мектебі деканының міндетін атқарушы Ғалия Дәулиева аудиториялар студенттер мен ғалымдар үшін жаһандық ойлау мен әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыру алаңы болатынын атап, демеушілік танытып, қаржылай қолдау көрсеткен «ПСК Строй-Инвест» ЖШС және «Baurdaq» компаниясының ұжымына алғысын білдірді.

 

Алдағы уақытта ашылған аудиторияларда жоғары оқу орындарында цифрлық технологияларды пайдалана отырып оқыту әдістері, бизнесті басқарудың заманауи трендтері, кәсіпкерлік пен менеджментті оқытудың өзекті мәселелері және тұрақты даму мақсаттарына арналған тақырыптар бойынша конференция, ашық дәріс, арнайы курстар мен семинарлар ұйымдастырылатын болады.

 

​​​​​​​

​​​​​​​

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі