Президент ҚазҰУ-дың жас ғалымына пәтер кілтін табыстадыFarabi University

Президент ҚазҰУ-дың жас ғалымына пәтер кілтін табыстады

10 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымы, аға оқытушы Динара Калмакова Ғылым күні қарсаңында екі бөлмелі пәтердің иесі атанды.

Баспана кілтін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде Динара Танатқызына табыстады.

Салтанатты іс-шарада Президент ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.

«Ғылым жолы – күрделі жол. Өз ісіне адал, табанды, еңбекқор, жаңашыл әрі жасампаз адамдар ғана ғылым жолындағы қиындыққа төзе алады. Біз шын мәнінде озық ойлы ұлт боламыз десек, қоғамда осы қасиеттерді дәріптеп, орнықтыруымыз қажет. Ұлы Абай да өз заманында «Ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қалдырды. Қазір технология қарқынды дамыған кезеңде біз үздіксіз ізденіске, терең білім мен ғылымға ерекше мән беруіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Динара Калмакова қазіргі таңда ҚазҰУ базасындағы Экономика және бизнес жоғары мектебінде аға оқытушы болып жұмыс істейді.

«Елімізде жас зерттеушілерге мемлекет тарапынан көп көмек көрсетілуде. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан екі  бөлмелі пәтердің кілтін алу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл маған зор жауапкершілік жүктейді. Болашақта ғылым жолындағы ізденістерімді тереңдетіп, отандық ғылымды дамытуға өз үлесімді қосамын деп сенемін», – деді Динара Танатқызы.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі