ҚазҰУ ғалымдары «Қаныш Сәтбаев – 125 жыл» төсбелгісімен марапатталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің үш ғалымы Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында «Қаныш Сәтбаев – 125 жыл» төсбелгісімен марапатталды.
Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының меңгерушісі Әлмира Құстыбаева, профессор Ләззат Спанқұлова және доцент Мерлан Досболаев марапатқа ие болды.
Қаныш Сәтбаев атындағы төсбелгіні ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясында өткен салтанатты шарада академия президенті Ақылбек Күрішбаев табыстады.
«Ғылым қызметкерлері күні аясында «Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған төсбелгімен марапатталғаныма қуаныштымын. Себебі қазақ халқының бағына туған академик елі үшін ауқымды жұмыс істеп кеткенін жұртшылық жақсы біледі. Өзім де Қаныш салған жолмен жүріп, ұлтыма, халқыма еңбегімді сіңіруді азаматтық парызым деп санаймын. Сондықтан бүгінгі марапат маған үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді Мерлан Қылышұлы.
Ғылым ордасында өткен шараның мақсаты – отандық ғылым саласындағы жетістіктерді насихаттау, ғалымдардың ерен еңбегін бағалау, сондай-ақ жас зерттеушілерді ынталандырып, олардың инновациялық бастамаларына қолдау көрсету.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

