12 СӘУІР – ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!Farabi University

12 СӘУІР – ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

12 сәуір, 2025

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ардагер ғалымдары, оқытушы-профессорлары, жас ғалымдар!

Сіздерді Ғылым қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ақордада өткен ғалымдармен кездесуінде: «Университеттер тың зерттеулер мен жаңалықтардың бастауында тұруға тиіс. Ал еліміздегі білім мекемелері ғылымнан гөрі маман даярлау ісіне көбірек басымдық береді. Бұл оқу орындарының тікелей міндеті болғанымен, білім мен ғылымды қатар алып жүру керек», – деп, ғылым қызметкерлерінің қоғамдағы рөліне жоғары баға берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеу университеті ретінде ғылымды дамыту мен инновациялық инфрақұрылым жүйесін жаңарту шараларын әрдайым алдыңғы қатарға қойып келеді.

2024 жылы оқу орнының ғалымдары 402 ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асырды.

2021 жылы университет ғалымдары жалпы сомасы 2 782,1 млрд теңгені құрайтын ғылыми жобаларды жеңіп алса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 13 млрд теңгеге өсті. Нәтижесінде 252,53 млн теңге көлемінде кіріс түсті.

Бір жылдың ішінде 30-ға жуық зертхана ашылып, ғалымдар игілігіне берілді.

14 жас ғалым  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан пәтер кілтін алып, баспанаға қол жеткізді.

2021 жылы 62 оқытушы-профессор, 8 ғылыми қызметкер, 226 магистрант, 77 докторант халықаралық ұтқырлық бағдарламасымен білімі мен білігін жетілдіріп қайтты.

Ал 2024 жылы бұл мүмкіндікті 707 оқытушы-профессор, 106 ғылыми қызметкер, 345 магистрант, 337 докторант пайдаланды.

Біз университеттік ғылымды жаңа бағытта дамытуды алдағы уақытта да жүйелі жалғастыра береміз.

Бүгінгі мерекеде сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге  табыс тілеймін.  

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректоры