
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ардагер ғалымдары, оқытушы-профессорлары, білім алушы жастар!
Сіздерді Ұлттық кітап күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кітап күнін белгілеу жөнінде тапсырма беріп, биыл бұл күн алғаш рет аталып өтуде.
Президент өз құттықтауында: «Ұлттық кітап күні – білімпаздық, ізденімпаздық, кітапқұмарлық сияқты игі қасиеттерді дәріптейтін күн. Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасады», – деп атап өтті.
Ғылым мен білімді дамытуда кітаптың алатын орны ерекше.
Жақында ғана еліміздегі Салық кодексінің жобасы қайта қаралып, бірқатар тұжырымдамалық түзетулер енгізілді.
Нәтижесінде кітап басып шығару, археология қосылған құн салығын төлеуден босатылады.
Бұл – кітап өндірісінің, ғылыми-танымдық басылымдар мен көркем әдебиеттің, археология, тарих салаларының, жалпы, ғылымның дамуына үлкен қолдау.
Жаңа, әділетті қоғам қалыптастыруда кітап оқу мәдениетін жандандыру, кітапханалар санын арттыру маңызды.
Бүгінде университетіміздегі Фараби кітапханасы Орталық Азия жоғары оқу орындары арасындағы ең үлкен кітап қорына ие.
2,5 миллионнан астам кітап қоры жинақталған ғылыми кітапханамыз жыл сайын жаңа басылымдармен толықтырылып келеді.
Кітапхана қорының архивінде 1324 жылы Мысыр баспасынан шыққан Құран Кәрімнен бастап, Пәкістан, Үндістан, Түркия, Қазан баспаларында басылған әдеби, тарихи, діни кітаптар бар.
Қазіргі уақытта білім ордасының ғылыми кітапханасының қызмет көрсету жүйесі цифрлық технологиялармен жетілдірілген.
Осы игіліктің бәрі ғалымдарымыз бен студенттеріміздің жаңа білім мен ғылымды игеруіне жол ашады.
«Күш – білімде, білім – кітапта» деген қағида қай кезеңде де маңызды.
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ
Басқа жаңалықтар


