ТДМ-15: «Дармарка» экологиялық акциясы – табиғатты қорғаудағы маңызды қадамFarabi University

ТДМ-15: «Дармарка» экологиялық акциясы – табиғатты қорғаудағы маңызды қадам

24 сәуір, 2025

Оқу ордамыздың  журналистика факультетінде 24 сәуір күні «Дармарка» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелеріне қоғамның назарын аудару. Сонымен қатар экологиялық білім беру және саналы тұтыну мәдениетін дамыту тұрақты даму принциптеріне негізделген маңызды қадам.
«Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» 2024 жылдың қараша айынан бастап «Stop Musor» әлеуметтік жобасының бесінші кезеңін қолға алып, тұрмыстық қалдықтарды азайтуға және халықтың экологиялық хабардарлығын арттыруға бағытталған жұмыстарды белсенді түрде жүргізуде. Аталған жоба әлеуметтік жауапкершілік сезімін қалыптастыруға да бағытталған.
«Дармарка» экологиялық акциясы тұрмыстық қалдықтардың көбеюіне және артық тұтынуға қарсы күресетін тың тәсіл ретінде жүзеге асуда. Шараға қатысушылар өздерінің қажетсіз, бірақ пайдалануға жарамды заттарын басқаларға ұсына отырып, оларды қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдалана алады. Бұл іс-әрекет, бір жағынан, заттардың қайта пайдалануын қамтамасыз етіп, екінші жағынан, жаңа өнімдер өндіруге, тасымалдауға және қаптауға жұмсалатын ресурстар мен энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Дармарка» шарасы жастарды, студенттерді және жалпы қауымдастықты табиғатты қорғауға үндеу жасап қана қоймай, сондай-ақ қоғамда экологиялық тұрғыдан жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.