ҚазҰУ-да тіл мен әдебиет тамырластығы қаралды

Фараби ғылыми кітапханасында профессор Зинол-Ғабден Бисенғали мен профессор Жамал Манкееваның 75 жылдық мерейтойына арналған «Жаңа Қазақстанның кеңістігіндегі тіл мен әдебиет тамырластығы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Аталған шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультеті мен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты бірлесе ұйымдастырды. Конференцияға белгілі шетелдік және отандық лингвист-ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, оқытушы-профессорлар қатысты. Жиналғандар үшін профессорлардың еңбектері мен материалдарының көрмесі ұсынылды.
Конференцияның салтанатты ашылуында әлеуметтік даму жөніндегі проректор Сәбит Суатай сөз сөйлеп, профессор Зинол-Ғабден Бисенғали мен профессор Жамал Манкееваның қазақ тілі мен әдебиетін дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті. Сондай-ақ жиында филология факультетінің деканы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Баян Жолдасбекова, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Алуа Темірболат және А.Байтұрсынов атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты Әбдібек Әміров құттықтау сөз сөйледі.
Пленарлық отырыста тіл ғылымы, қазақ тілі мен әдебиетінің даму тарихы сынды саладағы зерттеулер бойынша қызықты презентациялар ұсынылды. Сондай-ақ жиында Қазақстан жазушылар одағы басқармасының хатшысы, профессор Қ.Әбдезұлының, Башкент университетінің профессоры, PhD Е.Суйердің (Түркия Республикасы), М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, профессор Қ.Матыжановтың және басқа да көптеген танымал ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.
Конференция барысында З.Сейітжанов, Ж.Дәдебаев және Қ.Әбдезұлының кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Секциялық жиындарға ұласқан отырыста қатысушылар тіл мен әдебиет саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, өзара пікір алмасты. Шара соңында қарар қабылданып, қорытынды шығарылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


